Қазақстан Үкіметі Қырғыз еліндегі су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз бақылауына алуы тиіс - А. Момышев

АНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қырғыз еліндегі қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан Үкіметі Қырғызстандағы су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз бақылауына алуы тиіс.

Қазақстан Үкіметі  Қырғыз еліндегі су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз бақылауына алуы тиіс - А. Момышев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Амангелді Момышев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сәуірдің 7-сі күні Тараз қаласы мен оның маңындағы елді мекендер үлкен дүрбелеңге түсті. Бұған себеп көршілес Қырғыз еліндегі оқиғалар барысында Талас облысындағы бүліншілікке қатысушыларының мәлімдеме жасап, біршама шарттарын жариялағаны туралы әңгімеден туып отыр. Олар егер қазақстандықтар президент Бәкиевке жәрдемдесіп, оны паналатуға көмек беретін болса Киров су қоймасын жарып жіберетіндіктерін айтып, қорқытқан. Бұл су қоймасының жарылу мүмкіндігі туралы өсек халықтың арасына лезде тарап, жұрт үлкен әбіржулерді бастан кешкен. Адамдар өз үйлерін тастап, көлікпен, таксимен жан- жаққа жансауғалады. Шындығында, егер 500 млн. текше метр суы бар су қоймасы жарылатын болса, бұл жерден небәрі 40 шақырым қашықтықта орналасқан Тараз қаласын бір сағаттың ішінде-ақ шайып кететіні сөзсіз еді», деді депутат.

Сонымен бірге, А. Момышев Қазақстан Үкіметінің Қырғыз билігімен Киров су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде келісім жасауы тиістігін атап өтті. «Су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл жерге қысы -жазы, күндіз-түні бақылап тұратын әскерилендірілген күзет қажет. Жалпы, Киров су қоймасының қауіпсіздігін біз өз қолымызға алмайынша, Жамбыл облысының тұрғындары үрейден, қорқыныштан көз ашпайтын болады», деді А. Момышев.