Қазақстан Үкіметінің құрамы (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамы бекітілді.
ҚР Үкіметінің құрамы:
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев 1963 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, Павлодар облысының әкімі ҚР Экономикалық даму және сауда министрі, «Нұр-Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі қызметтерін атқарған. 2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Сапарбаев Бердібек Машбекұлы 1953 жылы туған. 1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысынан бастады (1969-1971 жж.); әскери қызметін өткерді (1971-1973 жж.). Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977 ж.); ҚазСРО Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жж.); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жж.); Президент Аппараты Бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993 ж.); Қазақстан Республикасы Министрлері кабинетінің Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жж.) болды.
Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті Аппаратының басшысы (1995 ж.); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жж.); Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жж.) қызметтерін атқарды;
Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Вице-министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002 ж.- 2006 ж.); Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006 ж. - 2007 ж.); Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау Вице-министрі (2007 жылдың 9 ақпаны - 2007 жылдың 27 тамызы).
2007 жылдың 27 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымында болған.
«Құрмет» орденімен (1999 ж.), «Астана» (1998 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.) медальдарымен марапатталған. 2009 жылғы 4 наурызынан Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып қызмет атқарған.
2014 жылы 11 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Б. Сапарбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалған.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» АҚ Басқарма төрағасы болған. 2011 жылдың сәуір айынан бастап - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.
ҚР Әділет министрі Берік Имашев 1960 жылы туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Құқықтанушы, заң ғылымдарының кандидаты. ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып қызмет атқарған. ҚР Парламенті Сенатының депутаты - Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болған Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Әдiлет министрi болып тағайындалған.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 1974 жылы туған. Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Оклахома университетін (АҚШ), Вена дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты, жоғарғы білімді әкімшілендіру саласындағы Пенсильвания университетінің (АҚШ) докторы. «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымы Атқарушы кеңесінің төрағасы болды. 2013 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.
ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ташкент халық шаруашылығы бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, ОҚО әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, вице-министрі болған. 2013 жылдың маусымында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.
Инвестиция және даму жөніндегі министрі Әсет Исекешев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ҚР Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. ҚР Индустрия және сауда министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі болды. 2012 жылдың қыркүйегінен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі болып тағайындалды.
ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 1971 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы министрінің орынбасары, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болған.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген.
1979 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін, география және биология мамандығы бойынша тәмамдады. Философия ғылымдарының кандидаты. «Экологиялық мәселелердің дүниетаным аспектілері» кандидаттық диссертациясының авторы. Саяси ғылымдар докторы. Докторлық диссертациясының тақырыбы - «Транзиттік саясат жүйелеріндегі әлеуметтік саясат». Қоғамдық-саяси өмірдегі өзінің белсенді позициясын Қазақстанның ЛКЖО ОК бірінші хатшысы (1989 жыл) және Қазақстан Республикасының Жастар істері бойынша Мемлекеттік комитетінің төрағасы (1991 жыл) жауапты лауазымдарында таныта білді.
Иманғали Тасмағамбетов 1993 жылдан ҚР Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1995 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 1997 жылдан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы - ҚР Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылдан - ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдың желтоқсанынан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 2002 жылдан - ҚР Премьер-Министрі. 2003 жылдан ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсанынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі. 2008-2014 жылдар аралығында Астана қаласының әкімі болған. 2014 жылғы 22 қазан күні Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалған.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 1963 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, Ішкі саясат бөлімінің мәдениет секторы меңгерушісі болды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған. 2014 жылдың 11 наурызынан ҚР Президенті Жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының мәдениет министрі болып тағайындалды.
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 1959 жылы туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. Ағылшын, хинди, урду және француз тілдерін меңгерген. 2002 жылғы маусымнан - ҚР-ның Ұлыбритания Біріккен Королдігі мен Солтүстік Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, сонымен бірге ҚР-ның Швеция Королдігіндегі, Норвегия Королдігіндегі, Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарған. 2007 жылғы шілдеден бастап - ҚР-ның Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды және Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарды. 2012 жылғы 28 қыркүйектен бастап - ҚР Сыртқы істер министрі.
ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамырда туған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірген. ҚР Премьер-Министрі кеңесшісі, ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрі болған. Мемлекет басшысының 2013 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығымен ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалған.
Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов 1957 жылы туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші вице-министрі, вице-министрі, Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. 2011 жылғы сәуір айынан - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі.
Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Сейдахметқызы Айтжанова
1965 жылы туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Вена Біріккен институтын, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін (АҚШ) тәмамдаған. Ағылшын және чех тілдерін меңгерген.
Университетті бітіргеннен кейін ҚазМУ-де және ММУ-де, Карлов және Орталық Еуропа университеттерінде (Чех Республикасының Прага қ.) машықтанудан өтті.
БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінде бағдарламалар үйлестірушісі, Моңғолиядағы БҰҰ-ның үйлестірушісі және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Өкілінің көмекшісі болып жұмыс істеді. БҰҰ Даму бағдарламасының Нью-Йорк қаласындағы Еуропа және ТМД өңірлік бюросының Орталық Азия елдері бөлімінің бағдарламалар жетекшісі болды.
2003 жылғы қыркүйекте Ж.С.Айтжанова Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі болып тағайындалды. 2005 жылғы мамырда оған Қазақстан Республикасының Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына (БСҰ) кіруі жөніндегі келіссөздердегі Қазақстан Республикасының Арнайы өкілінің міндеттері жүктелді.
2010 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды.
2011 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр болып тағайындалды.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Энергетика министрі Владимир Школьник
1949 жылдың 17 ақпанында Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Серпухов қаласында дүниеге келді.
1973 жылы Мәскеу инженерлік-физикалық институтын «Физика-энергетикалық қондырғылар» мамандығы бойынша бітірді.
Физика-математика ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын 1973 жылы Маңғыстау энергокомбинатында БН-350 реакторының инженер-физигі болып бастаған.
Маңғыстау энергокомбинатының физика-технологиялық зертханасы бастығының орынбасары, комбинаттың реакторлық өндіріс жөніндегі бас инженерінің орынбасары қызметтерін атқарған.
1988-1992 жылдары Маңғыстау энергокомбинаты директорының орынбасары болды.
1992 жылдан 1994 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің Бас директоры;
1994 жылдан 1996 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрі;
1996 жылдан 1999 жылға дейін - Ғылым министрі - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Президенті, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі;
1999 жылдан 2000 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрі;
2000 жылдан 2002 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі;
2002 жылдан 2006 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі;
2006 жылдан 2007 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі;
2007 жылдан 2008 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары;
2008 жылдан 2009 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі;
2009 жылдың мамыр айынан 2014 жылдың тамыз айына дейін - «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ Басқармасының Төрағасы.
2014 жылғы тамыздан - Қазақстан Республикасының Энергетика министрі.