Қазақстан Ұлыбритания компаниялары мен қаржы институттарын экологиялық жобаларға тартпақ

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан мен Ұлыбритания энергетикалық ауысу, климаттық қаржыландыру және көміртегі нарығын дамыту салаларындағы жобаларға британдық компаниялар мен қаржы институттарын тарту перспективаларын талқылады.

Қазақстан Ұлыбритания компаниялары мен қаржы институттарын экологиялық жобаларға тартпақ
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ә. С. Қуантыров пен Біріккен Корольдіктің Парламенті Лордтар палатасының мүшесі, Біріккен Корольдіктің Әзірбайжан және Орталық Азия бойынша сауда өкілі Лорд Джон Томас Алдердайс арасындағы кездесуде айтылды.

Тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі және биологиялық әртүрлілікті сақтау саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері туралы пікір алмасты.

Климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығының тұрақтылығы және экстремалды ауа райының әсерін азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан климаттық дипломатия, климаттық қаржыландыру және климаттық тәуекелдерді басқару саласындағы британдық тәжірибемен алмасуға қызығушылық білдірді.

Энергетикалық ауысу, климаттық қаржыландыру және көміртегі нарығын дамыту саласындағы жобаларды іске асыруға британдық компаниялар мен қаржы институттарын тарту перспективалары жеке қаралды.

Қазақстан сондай-ақ Париж келісімінің 6-бабын іске асыру және көміртегі бірліктерін верификациялау мәселелері бойынша ынтымақтастыққа мүдделі.

Тараптар Қазақстанның тозған жерлерді қалпына келтіруге, қорғаныш орман екпелерін құруға және шөлейттену, құрғақшылық пен трансшекаралық шаң дауылдарының салдарын азайтуға бағытталған «Орталық Азияның Жасыл қалқаны» бастамасын талқылады.

Қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және жеке инвестицияларды тартуды қоса алғанда, циркулярлық экономика мен қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы ынтымақтастық перспективалық бағыт ретінде айқындалды.

Кездесу соңында қазақстандық тарап британдық ұйымдармен, инвесторлармен және қаржы институттарымен практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделілігін атап өтті.

Биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы, атап айтқанда «Алтын Дала» жобасы аясындағы ынтымақтастықтың оң тәжірибесі атап өтілді.

Кездесу соңында тараптар Астана қаласында ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланған алдағы Қазақстан-Британ комиссиясының жұмысы туралы мәселені талқылады.

Осыған дейін Құрылтайға Ұлыбритания парламентінің алғашқы шетелдік делегациясы келгені туралы жаздық.