Қазақстан Ұлттар лигасын тең нәтижемен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасында алғашқы ойынын Фарер аралдарына қарсы өткізді.
Ойын алдында ел құрамасы сапында бірқатар қиындық кездесті. Алған жарақатына байланысты Максим Самородов, Дастан Сәтпаев, Ислам Чесноков секілді футбошылар кездесуге қатыса алмайтыны белгілі болды. Сондықтан Джон ван ’т Скип алғашқы минуттан Стас Покатилов, Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Темірлан Ерланов, Александр Мрынский, Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Дінмұхамед Қараман, Ғалымжан Кенжебек, Жасұлан Әмір, Артур Шушеначев сынды шәкірттеріне үміт артты.
Алғашқы минуттан қос құрама бірден шабуылға шықты. Ойынның 15-минутта фарерлік Оки Самуэльсен есеп ашса, 26-минутта Темірлан Ерланов таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде қарсыластар есепті өзгертуге тырысты. Толассыз шабуыл ұйымдастырып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Соған қарамастан есеп өзгеріссіз қалды.
Осылайша Қазақстан және Фарер аралдары құрамалары 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Енді бұл топта бүгін, 26 қыркүйекте Қазақстан уақытымен 23:45–те Словакия — Молдова шеберлік байқасады.
Қазақстандық футболшылар 2024/25 жылғы маусымда В лигасында үшінші топта алты кездесудің бесеуінде жеңіліп, біреуінде тең ойнады. Салдарынан өз тобында төртінші орынды місе тұтып, қайтадан С лигасына түсіп қалды.
Айта кетсек, бұдан бұрын 2028 жылдан кейін UEFA Ұлттар лигасының форматы өзгереді.
2028/29 жылғы маусымнан бастап Ұлттар лигасы әрқайсысында 18 құрамадан тұратын үш лига форматына көшеді. Әр лига алты қомандадан құралған үш топқа бөлінеді. Бұрын құрамалар төрт лигадан тұратын доп додасында бақ сынайтын еді.