Кім? Қайда? Қандай? — «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған үш футболшы жайлы

Республика күніне орай Мемлекет басшысының Жарлығымен футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдинов және Максим Самородов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Kazinform.

футбол
Фото: коллаж - Kazinform/kazfootball.kz/midjourney

2023 жылғы әлемнің ең үздік голының авторы атағына үміткер

Қазақстан ұлттық құрамасының және шымкенттік «Ордабасы» клубының капитаны Асхат Тағыберген 1990 жылы 9 тамызда дүниеге келген.

А. Тағыберген спорттық жолын 2008 жылы Қызылорданың «Қайсар» клубында бастады. 2013 жылы «Ақтөбе» командасына ауысып, ел чемпионы, күміс және қола жүлдегер атанды. Қазақстан суперкубогін жеңіп алды. Еуропа лигасы мен УЕФА чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдеріне қатысты.

2016 жылдан «Астана» сапында доп теуіп, екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанды. Ел кубогіне де қол жеткізді.

Қостанайдың «Тобылы» құрамында 2021 жылы және биыл шымкенттік «Ордабасы» сапында республика чемпионы болды.

Қазақстан құрамасына 2014 жылы алғаш рет шақырылған Асхат Тағыберген биыл Астанада 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Дания құрамасының қақпасына алыстан қақырата гол соқты. Осы гол Ференц Пушкаш атындағы Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) сыйлығының «Жылдың үздік голы» номинациясына енді.

Қазақстан ұлттық құрамасы тарихында үздік сұрмерген

Бахтиёр Зайнутдинов 1998 жылы 2 сәуірде Тараз қаласында өмір есігін ашты. Ол 19 жасында-ақ «Тараз» клубында ойнап, бірден жарқ етіп, көзге түсті.

2017 жылы 25 қарашада «Астанаға» ауысып, суперкубокті жеңіп алды. Бір жылдан кейін ел чемпионы атағына қол жеткізді.

2019 жылы 12 қаңтарда ресейлік «Ростов» клубымен келісім-шарт жасасты.

2020 жылдың 25 тамызынан Мәскеудің ЦСКА командасында ойнады. Биылғы тамыздан бері Түркияның «Бешикташ» клубы құрамында алаңға шығып келеді.

Қазақстан ұлттық құрамасына алғаш 2018 жылы алынды. Биыл 17 қазанда Финляндиямен өткен матчта қос голдың авторы атанды. Сөйтіп команда сапында 14 гол соғып, Руслан Балтиевті (13) басып озып, Қазақстан ұлттық құрамасы тарихында үздік сұрмерген атанды.

Самородов - сары алтын самородок

Максим Самородов 2002 жылы 29 маусымда Ақтөбе қаласында туған.

«Ақтөбе» сапында 2019 жылы 5 қазанда «Қайратпен» (Алматы) өткен кездесуде алғаш рет алаңға шықты. 2021 жылы 2 шілдеде «Ақжайық» қақпасына қос доп енгізіп, командасына жеңіс әперді. 2022 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері.

Қазақстан құрамасына 2021 жылы 17 наурызда сол кездегі бас бапкер Талғат Байсуфиновтан шақырту алды. 28 наурызда 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Франциямен өткен ойында (0:2) 83-минутта Руслан Валиуллиннің орнына шықты.

М. Самородов 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы негізгі шабуылшыларының біріне айналып үлгерді.