Қазақстан ұлттық статистиканы цифрландыру үшін Корея тәжірибесін пайдаланады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР СЖРА Ұлттық статистикасы бюросының делегациясы Корея Республикасының Деректер және статистика министрлігінде (MODS) оқу сапарымен жүр.

Қазақстан ұлттық статистиканы цифрландыру үшін Корея тәжірибесін пайдаланады
Фото: ҰСБ

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, іс-шара Азия даму банкінің қолдауымен іске асырылып жатқан Статистиканы жетілдіру бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

Негізгі мақсат — ресми статистика мен деректерді жинау және тарату саласындағы Оңтүстік Кореяның озық тәжірибесін, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді жетілдіруге арналған заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді зерделеу.

Алынған білім Қазақстанның ұлттық статистика жүйесін одан әрі жаңғыртуда пайдаланылатын болады.

Қазақстан ұлттық статистиканы цифрландыру үшін Корея тәжірибесін пайдаланады
Фото: ҰСБ

— Біз Корея Республикасының Деректер және статистика министрлігімен екіжақты ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Осы іс-шараға шақырған корей әріптестеріне және қолдау көрсеткен Азия даму банкіне алғыс білдіреміз. Бұл біз үшін Қазақстанның ұлттық статистикасын цифрлық трансформациялауды жеделдетуге көмектесетін үздік әлемдік тәжірибелерді үйрену мүмкіндігі, — деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қарауылова.

Ол Қазақстан мен Корея Республикасының статистика саласындағы ынтымақтастығының көпжылдық тарихы бар екенін атап өтті. Дүниежүзілік банкпен бірлескен жоба аясында 2012-2017 жылдары кореялық әріптестермен тығыз жұмыс нәтижесінде Бюро статистикалық деректерді онлайн жинау және ақпараттық жүйелерді дамыту бойынша заманауи тәсілдерді сәтті енгізді.

Корея Республикасына жасалған оқу сапары Қазақстанның халықаралық стандарттар мен үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген заманауи, цифрлық және тиімді ұлттық статистика жүйесін дамыту жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Бұдан бұрын Халықаралық ұйымдар Қазақстанның ұлттық статистика жүйесіне жоғары баға бергенін жазғанбыз.