«Қазақстан» ұлттық арнасы «Ертұғырыл» атты түрік телехикаясын көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 13 маусымнан бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында «Ертұғырыл» атты түрік телехикаясы көрерменге жол тартады. Бұл телехикая Осман империясының дәуірі мен тарихи тұлға, түріктің хас батыры - Ертұғырыл жайында болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан» ұлттық арнасы «Ертұғырыл» атты түрік телехикаясын көрсетеді

«Ертұғырыл - І Османның әкесі. Көршілес жатқан талай мемлекеттердің зәресін алған қас батыр. Оның басты мақсаты басқыншылық саясатын ұстанған византиялықтарды басып алу болды. Ертұғырыл батыр осы мақсатына жеткеннен кейін де тоқтап қалмай, жаугершілік сапарын жалғастырып, Азия мен Еуропаның көп бөлігін иеленген. Әйгілі көсем дүниеден озғанша тақтан таймаған. Ал оның ұрпақтары ғасырлар бойы көптеген мемлекеттерді басқарған. Ғажайып телехикаядан әлемге әйгілі Осман империясының ұлы күшіне тәнті боласыздар», - делінген баспасөз баянында.

Телехикая көрермендерді тарих қойнауына сүңгітіп, алпауыт Осман империясының қалыптасу жолымен, көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігімен, тарихи жорықтармен және ең бастысы, мәңгілік махаббат хикаясымен танысуға мүмкіндік береді.

Басты рөлдерде Энгин Алтан, Осман Сойкут, Каан Ташанер, Сердар Гекхан ойнайды. «Ертұғырыл» тарихи телехикаясын көрермендер «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан дүйсенбі-жұма күндері сағат 22:35-те тамашалай алады.