«Қазақстан» ұлттық арнасы көрермендер назарына «Ағайынды» көпсериялы көркем фильмін ұсынады
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат – Сәуірдің 13-і мен 18-і аралығында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы көрермендердің назарына алғаш рет «Ағайынды» көпсериялы көркем фильмін ұсынады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алты сериялы «Ағайынды» көркем фильмі «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша түсірілді. Күнделікті күйбең тіршілікте орын алатын әртүрлі жағдайлар, қала мен қала маңындағы ауыл адамдарының өмірі негіз болған фильмнің сюжеті отбасылық салт-дәстүрлерді, рухани және адамгершілік қағидаларды насихаттауға, ұлттық сана-сезімді нығайтуға бағытталған. Басты рольдерде Берік Айтжанов, Нұрлан Әлімжанов, Әнуар Нұрпейісов, Жан Байжанбаев, Айдос Бектеміров және Майра Омар сияқты танымал әртістер ойнаған. Картинаның қоюшы режиссері - Ақан Сатаев. Сценарий авторы - Тимур Жақсылықов. Фильм басты кейіпкерлер ? ағайынды үш жігіттің өмірі арқылы қала мен ауылдың тіршілігін: әке мен бала, жастар тәрбиесі проблемаларын, бүгінгі таңдағы қазақ ділінің ерекшелігін ашып көрсетеді.