18:21, 27 Мамыр 2016 | GMT +5
«Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Kazsport» телеарнасы футболдан Еуропа чемпионатын көрсетеді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Kazsport» телеарнасы 10 маусым мен 10 шілде аралығында Францияның 10 қаласында өтетін футболдан UEFA EURO 2016 Еуропа чемпионатын толық көрсетеді. Бүгін «Қазақстан» РТРК» төрағасы Нұрлан Жалауқызы осы оқиғаға орай журналистермен кездесті.

«15-ші Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде алғаш рет 24 құрама өнер көрсетпек. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы турнирдегі 51 кездесудің 36-сын, «Kazsport» телеарнасы 15-ін көрсетеді. Сонымен қатар, барлық матчтардың қайталап көрсетілуі де «Kazsport» телеарнасында жоспарланған», - деп хабарлады Н.Жалауқызы.
Негізгі трансляциялардан бөлек, UEFA EURO 2016 кезінде арнайы студиялық бағдарлама жоспарлануда. Әрбір кездесудің қарсаңында тікелей эфирге шығатын жоба барысында жүргізушілер мен студия қонақтары Еуропа чемпионатының барысын талқылап қана қоймай, түрлі конкурстарды ұйымдастыруды жоспарлауда.
Айта кетейік, он бесінші рет өткізілгелі отырған бірегей спорттық турнирді көрсету құқығын «Қазақстан» РТРК» АҚ 2014 жылы сатып алған болатын.