«Қазақстан» Ұлттық арнасы телевизиялық рынокқа қатысушылар арасында көшбасшы атанды

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша 2013 жылдың 1 қаңтар мен 10 ақпан аралығында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендер, яғни шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары арасында 23,3% орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты. Бұл туралы Ұлттық арнаның баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Осылайша 6+ бағамы бойынша, (6 жастан жоғары қазақ және орыс тілді көрермендер арасында) Ұлттық арна қазақ тілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да отандық өзге телеарналардың алдына шығып, жетекші позицияны нық ұстап тұр.

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы өзінің Жолдауында «Алдымызда мынадай міндет тұр: 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80%, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95%-ға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100% мемлекеттік тілді білетін болады. Біз бұл үшін бәрін жасап жатырмыз», - деп көрсеткен еді.

«Қазақстан» ұлттық арнасы электронды бұқаралық ақпарат құралдарының арасынан бірінші болып Елбасының осы жолдауда айтылған міндеттерін орындауға кірісті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша «Қазақстан» Ұлттық арнасы 2011 жылдың қыркүйегінен 100% қазақ тілінде хабар тарата бастады. Алғашқыда, ел тұрғындарының 95% қазақ тілінде сөйлеп кетуіне күмән келтіргендер, Ұлттық арнаның рейтинг жинап, үлкен сұранысқа ие болатынына сенімсіздікпен қараған еді. Бірақ, жоғарыдағы нақты деректер көрсеткендей, «Қазақстан» Ұлттық арнасы көрермен сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, халықтың көкейіндегісін таба білді.

Ұлттық арна ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік, танымдық хабарлары, қызықты мегажобалары мен тартымды телехикаялары арқылы көрермен көңілінен шықты.

Зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек қазақ тілді көреремендер саны бойынша, «Қазақстан» Ұлттық арнасы 30,6 пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орында келеді. Ең қуанарлығы жоғарыда атап өткеніміздей, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары қазақ және орыс тілді көреремендер арасында да 23,3 пайызбен биылғы жылдың басынан «Қазақстан» Ұлттық арнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші орынға тұрақтады.

Жоғарыда көрсетілген ТНС Гэллап Медиа Азия зерттеу компаниясының мәліметтері 100% мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін дәлелдейді. Бұл - «Мемлекеттік тіл - барша қазақстандықтарды біріктіруші фактор болуы тиіс», - деген Елбасының сөзі шындыққа айнала бастағанының нақты көрінісі.

Соңғы жаңалықтар