«Қазақстан» ұлттық арнасы жапондық NHK-пен ынтымақтаспақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК» АҚ жапондық NHK хабар таратушы корпорациясымен ынтымақтастық орнатпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат телеарнаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2017 жылдың 27-29 қараша аралығында «Қазақстан» РТРК» АҚ делегациясы жұмыс сапарымен Токиоға барып қайтты. Сапар барысында Жапонияның ең танымал телеарналарының бірі - FujiTV-де болып, сол арнаның таңғы ақпараттық бағдарламалары мен жаңалықтар бөлімінің ұйымдастырылу ерекшеліктерімен танысты.
Сондай-ақ, NHK корпорациясына барып, бүкіл әлемге хабар тарататын NHK World телеарнасының таныстыру рәсіміне қатысты. Кездесу аясында қазақстандық делегация NHK хабар таратушы корпорациясының Президенті - Риочи Уэдамен және бірқатар департаменттердің басшыларымен танысып, екіжақты келіссөздер жүргізді.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы - Ерлан Қарин Астана және ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі жайлы түсірілген арнайы бағдарлама үшін жапондық әріптестеріне алғысын білдірді.
Айта кетсек, ұзақтығы 2 сағатқа жуық аталмыш жоба осы жылдың қазан айында жапондық NHK телеарнасының эфирінде көрсетілген болатын. Жапондық журналистердің айтуынша бұл жапон телевизиясы тарихындағы Қазақстан жайлы түсірілген ең ауқымды жобалардың бірі.
Кездесу барысында екі жақ болашақ жоспарларымен бөлісіп, бірлесіп деректі фильмдер шығарумен қатар, өзара телехикаялар мен контент алмастыру сияқты ынтымақтастық бағыттарын қарастырды.