Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Қазақстан» ұлттық арнасынан «Таңқалдырған жаңа жыл» шоуын тамашалаңыздар

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - 31 желтоқсанда сағат 22.15-те «Қазақстан» ұлттық арнасы өз көрермендеріне таңғажайып жаңа жылдық көңіл-күй сыйламақ, деп хабарлады «Қазақстан» АҚ» республикалық телерадиокешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы.

«Қазақстан» ұлттық арнасынан «Таңқалдырған жаңа жыл» шоуын тамашалаңыздар

«Таң қалдырған жаңа жыл» атты телешоудың авторы - белгілі украиналық режиссер, продюсер Алан Бадоев. Жобаның желісі бойынша музыкалық комедияның үш басты кейіпкері - болашақтан келген уақыт сақшылары-полицейлер: Дулыға (басты кейіпкері, иісшіл), Азамат (қырағы көз) және Жанатбек (сақ құлақ). Олар 2116 жылда өмір сүріп, өзінің айрықша дизайнымен (кейбір тұстары киіз үйге ұқсастырып жасалған) және инновацияларымен көрермендерді таң-тамаша қалдыратын ұшатын тәрелкеде қызмет етеді. Болашақ меймандары қоршаған кеңістіктегі өздерін қызықтырған нысандарды фантастикалық түссіз монитор арқылы бақылап отырады. Бұл сәтте монитордағы көріністер уақыт бойыша жылжып отырмақ. Кейіпкерлердің басты мақсаты - жаңа жылды қарсы алуға кедергі жасайтын өзге планеталықты ұстап алу. Оны іздеу барысында уақыт сақшылары монитор арқылы Астанадағы жаңа жылдық көріністі бақылап отырады. Олар сахнадағы барлық әртістерді жіті қадағалып, өзге планеталықты ұстап алудың барлық амалдарын жасайды. Уақыт сақшыларына басқа уақыт пен кеңістікке көшуге (телепортация) де тура келеді. Шиеленіскен оқиғаның сыры соңында шешімін таппақ.

Алла Пугачева, Дмитрий Хворостовский, Авраам Руссо, Верка Сердючка, Валерия, Жанна Фриске, Филипп Киркоров, Макс Барских сынды ресей эстрадасының танымал жұлдыздарына 70-тен астам бейнебаян түсіріп, өз ісінің хас шебері атанған Алан Бадоев ұлттық арна көрермендеріне ұсынған жаңа жылдық жобасы өзге арналарда көрсетілетін жобалардан ерекше болмақ. Бұл Алан Бадоевтың Қазақстан көрермендерімен алғашқы қауышуы емес. Бұған дейін талантты продюсер алматылықтарға ТМД мен Еуропаның музыкалық арналарында айрықша танымалдылыққа ие болған ZDance хоррор-мюзиклін ұсынса, Астана қаласында Тимур Бекмамбетовтің кинофестиваліне қатысқан.

Шоу авторлары дәстүрлі «көгілдір алау» форматындағы үстел басындағы отырыстар мен диалогтардан бас тартып, қарқынды сюжет желісінде түсірген. Әртістер ерекше талғаммен безендірілген декорация, жарық қойылымы және фонтанмен жабдықталған бірнеше сахналарда өнер көрсетеді. Әрбір нөмірді Алан Бадоев бейнебаян ретінде түсірді. Әрбір кадр инновациялық бояумен қаныққан. Мәселен, сахнада бірде «тірі ескерткіштер», голограммалар ұсынылса, енді бірінде Бахтияр Тайлақбаев отты микрофонмен ән айтпақ. Әнші Жұлдыз үлкен айналмалы айна тіреуде тұрып, өзге планеталық тәрізді сәуле таратып, ән айтады. Жұлдыз IL KANTO тобымен бірге өнер көрсетпек. Кейбір эстрада жұлдыздары сахнаға жаңа бейнеде шықпақ. Мәселен, Мәдина Сәдуақасова, «Алашұлы» тобы 60-жылғы эпатажды стильде өнер көрсетеді. Бұдан басқа жобада - көңілді би, күтпеген дуэттер мен өзге де тосын сыйлар болады. Өнер көрсетушілердің қатарында - Роза Рымбаева, Ескендер Хасангалиев, Лаки Кесоглу, Паскаль, Нурлан Абдулин, Нагима Ескалиева, Айгуль Иманбаева, Беркут, Аиша, Ардак Балажанова, Алмас Кишкенбаев, Улыкпан Жолдасов, Макпал Исабекова, «Орда», «KeshYou», «RINGO» топтары және т.б. бар.

Басты рөлдегі Дулығаның рөлін «Қыз жылаған», «Сыныптастар» «Біржан Сал», «Агент Z» фильмдері арқылы танымал болған Дулыға Акмолда сомдайды. Сонымен қатар, ол 30-ға жуық анимациялық фильмдерді дыбыстаған, соның ішінде Disney-Pixar ұсынған «Құбыжықтар унивеситеті» анимациялық мультфильміндегі Майк Вазовскийдің дубляжын жасады. Жанатбектің рөлінде - белгілі актер, тележүргізуші, режиссер Жанат Бәйтеков, Азаматтың рөлін «Парыз», «Бақсы» фильмдері арқылы танылған актер Азамат Сатыбалды сомдайды.

31 желтоқсан сағат 22.15-те «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «Таңқалдырған жаңа жыл» ойын-сауық думанын тамашалаңыздар!