«Қазақстан» Ұлттық арнасында "ӘН ЖҰМБАҚ" атты жаңа жоба жарыққа шығады

АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат - «Қазақстан» Ұлттық арнасында 7 мамырдан бастап, «ӘН ЖҰМБАҚ» деп аталатын жаңа жоба жарыққа шығады.

«Қазақстан» Ұлттық арнасында  "ӘН ЖҰМБАҚ" атты жаңа жоба жарыққа шығады

 «ӘН ЖҰМБАҚ» - қазақстандық көрермен бұрын-соңды тамашалаған барлық әуенді жобалардан өзге, тың тынысты жоба. Енді әрбір көрермен сүйікті жұлдызын ән әлемінде сынға түскен ойыншы ретінде көре алады. Сонымен қатар сүйікті әндерін бірге шырқай алады. Шырқап қана қоймай, қызыққа толы ойынның куәсі болып, тек көтеріңкі көңіл-күйді қолдайтын хабардың қазанында бірге қайнайды.

  «ӘН ЖҰМБАҚ» думанының басты мақсаты - қазақ көрерменін ең таңдаулы әндермен сусындату, күнделікті күйбең тірлік арасында адамның жанын жылы шуаққа бөлей алатын музыкамен әр отбасының шаңырағына шуақ шашу, қазақ әндерін үстіртін шырқатып қана қоймай, оның тарихын зерттетіп, мәтініне үңілдіру. Осы арқылы ел тарихында елеулі орын алатын әндер, әр азаматтың тірлігімен біте қайнасқан әндер бар болмысымен, бар құдірет-қуатымен өз тыңдарманымен қауышады. Қазақ әнінің, өлеңінің құдіреті, орындаушыларының шеберлігі ашылмаған қырларынан көрінетін болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, музыкалық білімдерін ортаға салып, бәйгеге түсетіндер - қалың көрерменге кеңінен танымал артистер. Ал олардың тобында өздері таңдап алған көмекшілері болатын - отбасы, достары, жанкүйерлері. Екі топ бірнеше айналымнан тұратын ойында қазақ музыкасының жауһарларын қаншалықты жақсы танитындарын көрсетеді. Сайыстағы 4 айналым өз ерекшеліктерімен әр көрермен жадында көпке дейін сақталуды көздейді. Мұндай додада тек шын білімпаз және нағыз музыкажанды ойыншылар жеңіске жете алады.
«ӘН ЖҰМБАҚ» телесайысында артистер өтетін сын сағатты Жұбаныш Жексенұлы басқарады. Музыка білімпаздарының арасында Лұқпан Жолдасов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Сейфуллин Жолбарыс сияқты әнші-сазгерлер, Сәкен Майғазиев, Мұрат Қожа, Мәдина Сәдуақасова сынды таңдаулы орындаушылар және Амангелді Сейітхан, Гүлмира Дайрабай, Нұрлан Әлімжан сияқты заманауи телевизия жұлдыздары бар.
Бағдарламаны сапалы әуенмен әрлейтін - «Studіo 54» ансамблі және жас әнші Динара Қайырғожа. Жақында олардың «Өкпе» деп аталатын әндері жарыққа шығып, тыңдарман арасында кеңінен танымал болды. Ансамбль - шоу-бизнес әлеміне жаңадан келсе де, музыка әлемінің жілігін шағып үлгергендер. Талантты музыканттар көрерменге ұмытылмас кеш сыйлайтынына кепілдік береді.
Бағдарлама дүйсенбіден бейсенбіге дейін, сағат 15:20-да (түнгі уақытта қайталауымен) эфирге шығады.