«Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақстан Дауысы» жаңа тележоба ұсынылады
АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Жақында «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақстан Дауысы» атты жаңа тележоба эфирге жол тартады,
деп хабарлады «Қазақстан» АҚ» республикалық телерадио кешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы.
Бұл телевизиялық шоу алғаш рет Нидерландтың RTL4 телеарнасында «The Voice of Holland» деген атпен жарыққа шыққан болатын. Әлемнің бірнеше еліне тарап көпшіліктің ықыласына бөленген тележоба бүгінде қазақ ән әлеміне келіп жетті. Тың жобаның басты мақсаты - ел арасында жүрген асқақ дауысты, жезтаңдай әншілердің арасынан ең мықты деген дауысты таңдап алу.
Жобаға 18 бен 45 жас аралығындағы кез келген өнерпаз қатыса алады. Іріктеу еліміздің бірнеше қаласында өтеді. 24 шілдеде Семей қаласының мәдениет үйінде (Момышұлы көшесі 43-үй), 26 шілдеде Астанада, «Опера» караоке клубында (Қорғалжын тас жолы 2 «А»), 27 шілдеде Ақтөбеде, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында (Победа көшесі 31-үй), 28 шілдеде Ақтау қаласының Абай атындағы ойын-сауық кешенінде (4-ықшамаудан, 77-ғимарат) және 3 тамыз күні Алматы қаласында(Төле би көшесі 296 «А», Өтеген батыр көшесінің қиылысы) іріктеу өтеді. Іріктеуге қатысушы жеке куәлік пен оның екі дана көшірмесін алып келуі қажет.
Бұл тележоба қазақтың әнсүйер қауымының жүрегіне жол тартатын нағыз өнер сайысы болмақ. Тележобаға қатысып, бағымды сынаймын деген үміткерлер Алматы қаласындағы (8727) 266-81-05 телефоны немесе www.thevoice.kz сайты арқылы толық ақпарат алуына болады.
-0-