13:32, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстан Ұлттық қорды құрмағанда бюджет кірісі төмендеген қазіргі жағдайда тіпті зейнетақы төлей алмаған болар еді - Елбасы
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымдауынша, Қазақстан дер кезінде Ұлттық қорды құрмағанда бюджет кірісі 26 пайызға төмендеген қазіргі жағдайда тіпті зейнетақы төлей алмаған болар еді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен Ұлттық қорды құру туралы шешім қабылдағанымда оның төңірегінде көптеген әңгімелер болып, ондағы қаржыны халыққа таратып беру жөнінде ұсыныстар жасалды. Егер біз солай істеген болсақ, бюджет кірісі 26 пайызға төмендеген қазіргі жағдайда тіпті зейнетақы төлей алмаған болар едік. Біз бұған жол берген жоқпыз», деді Н. Назарбаев бүгін Қазақстан әйелдерінің V форумында сөйлеген сөзінде.
Елбасы қазіргі дағдарысқа қарамастан мемлекет әлеуметтік шығындарды арттырып, бюджет қызметкерлерінің жалақыларын, зейнетақы мен жәрдемақының мөлшерін ұлғайтып отырғанын, халықты жұмыспен қамту үшін белсенді шаралар қабылдап жатқанын атап көрсетті.«Нарықтық экономикада шайқалулар мен дағдарыстар қалыпты құбылыс. Бұл капитализм мен нарықтық экономика пайда болған жүздеген жылдардан бері әлсін-әлсін болып келеді. Алайда «ақылды мемлекет» жаймашуақ уақытта күрделі уақыттың күрделі сынынан өту үшін резервтер жинақтауы тиіс. Біз солай жасадық», деді өз сөзінде Елбасы.