Қазақстан ұлттық құрамасының Кабо-Вердемен ойыны өтпейтін болды - ҚФФ
АСТАНА. ҚазАқпарат -16 маусымда Алматыда жоспарланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Кабо-Верде құрамасы арасындағы матч өтпейтін болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінен хабарланды.
Федерацияның бас менеджері Асқар Орынхаевтың айтуына қарағанда, Қазақстан ұлттық құрамасының бастапқы жоспарында үш матч өткізу қарастырылған болатын. «Алдын ала ойындар кестесі келісіліп, ФИФА күнтізбесіне енгізілген де еді. Сол жоспарға сәйкес, 12 мамырда біздің құрама команда Алматыда Буркина Фасо құрамасымен матч өткізді. Жақында ғана Түркия командасына қарсы ойнады. Алайда, үшінші ойынды өткізуге үлкен қиындықтар туындап отыр. Жоспарланған кездесуге он күн қалғанда Кабо-Верде ойын өткізуден айнып, бұл туралы электронды поштамызға хат жолдапты. Бізде бұндай жағдай еш уақытта болмаған, өйткені, футбол әлемінде қалай болғанда да ереже мен тәртіп сақталуы тиіс болатын. Ал біздің әріптестеріміз өз білгендерін істеп отыр», дейді федерация бас менеджері.
Оның сөзіне қарағанда, аз ғана уақыт ішінде халықаралық матч үшін жаңа қарсылас табу еш мүмкін емес. Сонымен қатар, бас менеджер жоспарланған матчтың орнына Қазақстан құрамасы Угандамен кездеседі деген ақпаратты да жоққа шығарды. «Бұл туралы нақты түсіндіріп, айта кетейін, ондай матчты 16 маусымда өткізу ФИФА директивасына қайшы келеді және біздің құрамамызға санкция салуға соқтыруы ықтимал. Сондықтан да, қанша тырыссақ та 16 маусымда біздің құраманың ешқандай матчын өткізу мүмкін емес», - дейді А. Орынхаев.
Осыған орай, Қазақстан футбол федерациясы барлық жанкүйерлеріне қолдау білдіргендері үшін ризашылығын білдіре отырып, Алматыда доп додасының өтпейтініне өкініш білдіреді. Ал Қазақстан мен Кабо-Верде құрамаларының ойынына билет алған жанкүйерлер жақын аралықта билет сомасын 100 пайызға қайтарып алады. «Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.