01:19, 29 Шілде 2015 | GMT +5
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы Головкин мен Лемье арасындағы жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» ұлттық телеарнасы Геннадий Головкин мен Давид Лемье арасындағы жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетеді.

Бұл туралы телеарнаның баспасөз қызметі хабарлады.
WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин 17 қазан күні канадалық Давид Лемьеге қарсы жекпе-жекке шығады. Кездесу АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында өтеді.
Канадалық боксшы Давид Лемье осыған дейін 36 кездесу өткізіп, оның 34-інде жеңіске жетсе, 31 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Ал, екі кездесуінде жеңіліп қалған.
Ол соңғы кездесуін биыл 20 маусымда француз боксшысы Хассан Н Дам Н Жикамға қарсы өткізіп, жеңіске жеткен. Еске сала кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін биыл 17 мамыр күні америкалық кіші Вилли-Монромен өткізіп, 6 раундта нокаутпен ұтқан.