Қазақстан Ұлы Отан соғысындағы ортақ жеңіс туралы ақиқатты сақтау ісінде барлық халықтармен бірге - Н. Назарбаев

АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Ұлы Отан соғысындағы ортақ жеңіс туралы ақиқатты сақтау ісінде барлық халықтармен бірге болған және бола береді.
None
None

Бүгін Ақордада бірқатар соғыс ардагерлеріне мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда сол сұрапыл соғыстың балама тарихы пайда болуда, фактілер мен оқиғалар бұрмаланып, фашизмнің қаупі жасанды түрде жеңілдетіліп жатыр. Біз қазіргі әлемнің соншалықты осал екенін және біздің өркениетке бірлесу қажеттігін жақсы түсінеміз. Біз бәрімізге ортақ Ұлы Жеңісіміз туралы ақиқатты сақтау ісінде барлық халықтармен бірге болғанбыз және бола береміз», деді өз сөзінде Н. Назарбаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан өткенді жадында ұстап, келешек ұрпақтың алдындағы өзінің жауапкершілігін ұғына отырып ядролық қарудан бас тартқанын, біздің ел қазіргі таңда ғаламдық қарусыздану ісінде алдыңғы қатарда тұрғанын атап көрсетті. «Сайып келгенде, 1945 жылғы біздің жеңісіміз бүкіл адамзаттың өмірін 100, 200 жылға, тіпті бірнеше жүз жылдықтарға алдын-ала анықтап қойды. Бұл жеңіс болмағанда ғаламшардың, ондағы Еуропа мен Азияның өмірі мүлдем басқаша болуы ықтимал еді. Сол кездегі Ұлы Жеңіс келешекке үміт отын жақты, азаттық, теңдік, абырой-намыс, адамгершілік, бейбітшілік және бақыт тәрізді базалық құндылықтарға жаңа ұғым берді», деді Елбасы.

Бұл ретте Н. Назарбаев жеңіс тарихы келешек ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеуде, халықтар арасындағы мығым достықты нығайтуда басты мысал ретінде қала беруі үшін қолдан келгеннің барлығын жасау - ортақ міндет екенін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар