Қазақстан-Ұлыбритания: Стратегиялық серіктестік, ЖОО филиалдары және виза режимін жеңілдету

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан-британ қарым-қатынасы өзара тиімді, табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгілерінің бірі десек те болады. Ол соңғы 30 жылдың ішінде стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін нығайып отыр. Астана мен Лондонның екіжақты өзара іс-қимылындағы қазіргі жағдай мен келешегі жайлы ҚазАқпарат тілшісінің шолу материалынан оқыңыздар.

Екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін бір айдан соң, 1992 жылдың 19 қаңтарында орнатылды. Сол уақыттан бері екі ел саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды жандандыруға күш салып келеді. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстанның Еуропадағы басты сауда және инвестициялық серіктесіне айналып отыр. Таяу уақытта тараптар жаңа буын құжатына – Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық келісіміне қол қоймақ. Аталған құжат екі елдің арасында көпқырлы қарым-қатынасты нығайта түсері анық.

Фото: gov.kz

«Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім ынтымақтастықты кеңейту үшін негіз қалайды және біздің Қазақстанмен саудаға деген көзқарасымызды жаңарту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Құжат диалог орнату жолымен ынтымақтастықты кеңейту арқылы бір-бірімізбен сауда жасау қабілетімізді көрсетеді», - деген еді ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша сауда жөніндегі британдық комиссар Кенан Полео.

Айта кетерлігі, осы жылы жоғары деңгейдегі өзара сапарлар болды. Наурызда Астанаға Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли, маусымда оның орынбасары Лео Докерти, ал одан бір ай бұрын британ парламентарийінің жоғары лауазымды тұлғалары келсе, мамыр айында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан атынан ІІІ Карлдің таққа отыру салтанатты іс-шарасына қатысқан еді.

Қазақстан – Ұлыбританияның басты серіктесі

«Ұлыбритания баяғыда-ақ Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктес ретінде мойындады. Мұнай-газ жобаларының жетекші қатысушылары Shell мен British Gas, Британ кеңесі, «Болашақ», Лондон университеттік колледжі, Лондон экономика мектебі және Кембридж унивуерситеті сынды маңызды университеттер – осынау серіктестік қарым-қатынастың бәрі соңғы 30 жылда маңызды тірекке айналды», - деді Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич ҚазАқпарат тілшісіне.

Фото: petrocouncil.kz

«Бүгінде Қазақстан білім беру, энергетика, өте маңызды пайдалы қазбалар, климаттың өзгеруі, сонымен қатар қорғаныс пен қауіпсіздік сынды бірқатар маңызды мәселеде басты серіктес саналады. Қазақстан Ұлыбританияның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық серіктесі болып есептеледі», - деп атап өтті британдық лауазымды дипломат.

«Сауда-саттық қарым-қатынасы қарқынды дамуын жалғастыруда. Мұнан бөлек, Ұлыбритания ірі инвесторлардың үздік алтылығына кіреді. Жалпы сауда-саттық көлеміі жылына 3 млрд фунт стерлингке жуықтап отыр. Бұған қоса, Ұлыбритания Қазақстаннан айтарлықтай көлемді тауарларды импорттайды. Бұл жұмыс орындарын құруға және қолдауға септігін тигізеді», - деді Кэти Лич.

Президент Тоқаевтың реформаларын қолдау

Ұлыбритания елімізде Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдіретінін нақты көрсетіп отыр.

«Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құру бағытында жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау көрсететіндігін білдірді», - делінген өткен жылдың желтоқсанында қабылданған екі елдің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының бірлескен мәлімдемесінде.

Фото: gov.kz

«Бүгінде Қазақстанда ірі саяси, әлеуметтік және экономикалық, ең алдымен Президент Тоқаев бастамашылық еткен демократиялық реформаларды жүргізуге байланысты елеулі өзгерістер болып жатқан кезде Ұлыбритания тарапынан мұндай қолдау өте маңызды», - деп атап өткен еді ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі жоғары комиссары Қайрат Әбдірахманов Қазақстан-британ қатынастары тақырыбындағы вебинарда сөйлеген сөзінде.

«Қазақстанның халықаралық аренада трансформация процесін түсінетін және қолдайтын достарының болуы ұзақ мерзімді перспективада осы реформалардың табысты болуы үшін ең маңызды фактор болып саналады», - деп толықтырған еді сөзін ЕҚЫҰ комиссары.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар

Екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да соңғы жылдары тың серпін алып отыр. 2021 жылы Алматыда британдық De Montfort университетінің кампусы жұмысын бастады. Ал осы жылдың күзінде шотландық Heriot-Watt университеті Ақтөбеде есігін ашады.

Британдық ЖОО филиалдарының ашылуы Қазақстанды елімізде академиялық хаб құру сынды өршіл мақсатына жақындата түседі. Академиялық хаб халқының жалпы саны 2 млрд адамға жуықтайтын көрші өңірлердің жастарын тартуға негізделген.

Мұнан бөлек, британ Сыртқы істер министрлігінің Ұлыбританияда магистрлік дәреже алуға ниетті жас мамандарға арналған мәртебелі Chevening стипендия бағдарламасы биыл 20 пайызға артты.

Сонымен қатар жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия мен математика салаларында әйелдерге арналған жаңа арнаулы стипендия пайда болады. Бұл жайында агенттік тілшісіне Астанадағы Біріккен Корольдік Елшілігінен мәлім еткен еді.

Екіжақты ынтымақтастықтың жаңа өсім нүктелері

«Қарым-қатынасты дамытудың негізгі бағыттары білім беру, қаржы, ғылыми зерттеулер және энергетика бола алады. Мұндай серіктестіктер жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеуді, сондай-ақ технологияларды беруді қамтуы тиіс», - деп атап өтеді еуропалық саясатты зерттеумен айналысатын түріктің Гиресун университетінің зерттеушісі Мурат Джошкун.

Оның пайымынша, Қазақстанның Ұлыбританиямен осы салалардағы әріптестігін тереңдетуі Астананың Еуропалық одақпен байланысын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар басты экономикалық алпауыттардың бірі – Қытаймен қарым-қатынаста анағұрлым тиімді келіссөз позициясын алуға мүмкіндік береді.

«Ұлыбританиямен серіктестік орнату басқа батыс елдерімен, сондай-ақ ЕО-мен ұқсас серіктестік қарым-қатынас орнатуға жол ашуы мүмкін. Бұл әсіресе Еуропалық одақ өзінің нормаларымен және ережелерімен шектелетінін, ал Ұлыбританиямен тексерілген жұмыс серіктестігінің бар екендігін ескерсек, онда мұның ЕО тарапынан шешім қабылдауды жеңілдететіні өте маңызды», - деп түсіндіреді Мурат Джошкун.

Фото: gov.kz

Екі елдің сауда-инвестициялық серіктестігінің перспективалы бағыты қазіргі кезде британдық өнеркәсіп тапшылығын сезініп отырған аса маңызды пайдалы қазбаларды бірлесіп өндіру және өңдеу болуы мүмкін.

Британдық Аса маңызды пайдалы қазбалар қауымдастығының негізін қалаушы Джефф Таунсенд таяуда Қазақстан-британ форумында сөз сөйлей келе, Қазақстанды тұрақты мемлекеттік жүйесі, өңірлік ЖІӨ-нің 60 пайызын қамтамасыз ететін инфрақұрылымға айтарлықтай инвестициясы бар «жұмыс істеуге жақсы нарық» деп сипаттаған болатын.

«Орта дәліз» және визалық талаптарды жеңілдету

Мамыр айында өткен «Үлкен жетілік» саммитінде форумға қатысушы елдердің көшбасшылары Орталық Азияның өңірлік өркендеуі мен тұрақтылығын арттыру үшін «орта дәлізді» және онымен байланысты жобаларды дамытуға бел буғанын мәлімдеді.

«Орта дәліз» Транскаспий көлік жобасы Түркия арқылы және одан ары бүкіл өңірмен байланысты жақсарту есебінен сауданың тұрақтылығын арттыруға көмектесе алады. Ұлыбритания үшін бұл – инфрақұрылымды инвестициялармен жәрдемдесіп қана қоймай, Орталық Азия үшін болжамды экономикалық логистикалық жолды құру жөніндегі саяси келісімді қолдау мүмкіндігі», - деп атап өткен еді Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша сауда жөніндегі британдық комиссар Кенан Полео.

Сонымен қатар, екіжақты күн тәртібінің маңызды тармағы Ұлыбританияның ашық қарым-қатынастарды дамытуға дайындығын көрсететін, сол арқылы адами байланыстар мен бизнесті дамыту үшін қолайлы негіз құратын Қазақстан азаматтары үшін визалық талаптарды жеңілдету тақырыбы болып саналады.

«Қазақстан азаматтары үшін Ұлыбританиямен визалық режимді жеңілдету мәселесі күн тәртібінде тұр. Біз бұл тақырыпты желтоқсан айында Сыртқы істер министрінің Лондонға сапары кезінде, содан кейін қаңтарда үкіметаралық комиссияда көтердік. Күзде біз оны ведомствоаралық саяси консультациялар аясында қайта көтереміз», - деді агенттік тілшісіне сұхбат берген Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов.

Фото: gov.kz

Айта кетерлігі, осынау күрделі мәселе Ұлыбритания Ішкі істер министрлігінің құзыретіне кіреді. Ал оның басшысы Суэлла Браверман көші-қон мәселелерінде қатаң көзқарасымен танымал.

Қалай дегенмен де осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын Қазақстан біржақты тәртіппен Ұлыбритания азаматтары үшін визасыз режим орнату туралы шешім қабылдаған еді. Енді Лондон Қазақстан азаматтары үшін виза мәселесінде қандай шешім қабылдайтынын уақыт көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар