Қазақстан Үндістан мен БАӘ саяхатшылары үшін трендтік дестинацияға айналды

Боровое, туризм, отдых, Бурабай, демалыс, туризм
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 2024 жылы саяхаттауға арналған ТОП-24 дестинациялардың қатарына кірді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінен мәлім етті.

«Қазақстан жыл сайын түрлі номинацияларда аталып өтіледі. Биыл Алматы қаласы The New York Times жариялаған «Саяхаттауға тұрарлық 52 жер» қатарына енді. Ал Wanderlust редакциясының пікірінше, Қазақстан 2024 жылы саяхаттауға арналған ТОП-24 дестинацияларға кірді. Condé Nast Traveller Italia Қазақстанды әлемдегі ТОП-5 тау шаңғы дестинацияларының қатарына енгізді», - деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, 2023 жылы Дүниежүзілік туристік ұйымы Қазақстанның Саты ауылын үздік туристік ауыл деп таныды.

«Қазақстан Versatile Excellence Travel Awards марапатында TravelScapes нұсқасы бойынша Үндістан мен БАӘ саяхатшылары үшін трендтік дестинацияға айналды. Ал Kazakhstan - Like Never Before бейнеролигі Португалиядағы ART&TUR кинофестивалінде бірден «Үздік дестинация – ел» және «Үздік жарнамалық науқан» номинацияларында үздік деп танылды», - деді министрліктен.

Ресми жауапқа қоса берілген ақпаратқа сәйкес, Қытайдан келетін туристер саны 20 есе (2022 жылы 17,7 мың адамнан 2023 жылы 367,4 мың адамға дейін), Үндістаннан 3 есе (2022 жылы 28,3 мың адамнан 2023 жылы 78 мың адамға дейін), Оңтүстік Кореядан 2,5 есе (2022 жылы 15,8 мың адамнан 2023 жылы 35,6 мың адамға дейін), Қатардан 2 есе (2022 жылы 500 адамнан 2023 жылы 1000 адамға дейін адам), Германиядан 50 пайыз (2022 жылы 57 мың адамнан 2023 жылы 85 мың адамға дейін), БАӘ-ден 50 пайыз (2022 жылы 6,5 мың адамнан 2023 жылы 10,5 мың адамға дейін) өсті.

Соңғы жаңалықтар