Қазақстан ұнды қоса алғанда 12,1 млн. тонна астық экспорттап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - 2011-2012 маркетинг жылы Қазақстан астық пен оның өңделген өнімдерінің экспорты бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Қазақстан ұнды қоса алғанда 12,1 млн. тонна астық экспорттап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Атап айтқанда, ҚР Статистика агенттігінің және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ деректері бойынша 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап 2012 жылдың 30 маусымына дейін ұнды қоса алғанда 12,1 млн. тонна астық экспортқа шығарылды. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Ауыл шаруашылығы кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС директоры Сағынтай Жұмажанов мәлім етті.

«Бұндай астық экспортының көрсеткіші біздің республикамыздың тарихында бұған дейін болған емес. Мысал үшін айта кетсек, тәуелсіздіктен бері ең жоғарғы көрсеткіш 2007-2008 жылдары орын алып, бұның өзі 9 млн. тонна көлемінде ғана болған еді. Ал қазіргі көрсеткішіміз одан 3 млн. тоннаға артық. Ал биылғы маркетингтік жылдың көрсеткіші 2010-2011 жылдардағы деңгейден 2,2 есеге артық», - дейді Сағынтай Жұмажанов.

Оның айтуынша, маркетингтік жыл бойынша экспортқа шығарылған астықтың көлемі айына орта есеппен алғанда 1 млн. тоннадан асқан. Бұл да өте жоғары көрсеткіш болып табылады. «Жалпы экспорттың ішіндегі астық - 8,4 млн. тоннаны, ұн түріндегі экспорт 2,6 млн. тоннаны құрады», - дейді С. Жұмажанов.