Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту — заман талабы. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту, ғылыми байланысты тереңдету — қазіргі заман талабы. Біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Қазақстанда осы саладағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатыр. Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды. Сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар, - деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылғанын айтты.
- Бұл — қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, Елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды. Сонымен қатар қазір Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны да көбейіп жатыр. Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алып жатыр. Бұл — Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне зор жауапкершілік жүктейді. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.