Қазақстан уран өткізу үшін жаңа нарықтар іздеу үрдісінде бірнеше елдермен келіссөздер жүргізуде
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан уран өткізу үшін жаңа нарықтар іздеу үрдісінде бірнеше елдермен келіссөздер жүргізуде, дейді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикин.
Ол бұл туралы бүгін Астанадағы «Атом энергетикасы және өнеркәсібі» - «ҚазАтомЭкспо-2010» бірінші қазақстандық халықаралық форумы аясында өткізілген баспасөз мәслихатында айтты.
Қазіргі уақытта төмен өңделген уран өнімдері экспортқа шығарылып келгенін айтқан ол «Өскемендегі зауыттың отыны Ресей Федерациясына өткізіліп келді, алайда соңғы уақыттарда тапсырыс төмендеп, зауыт іс-жүзінде жұмыс істеуді тоқтату алдында. Сондықтан біз өнім өткізетін жаңа нарықтар іздестірудеміз», дейді Т. Жантикин.
Оның атап өтуінше, алғашқы кезектегі жаңа өткізу нарығы атом энергетикасы секторы дамыған батыс елдері болмақ. Бұл орайда комитет төрағасы «егер Қазақстан атом өнеркәсібін дамытқысы келсе, қазіргі жетістікке малданбай, жаңа өткізу нарығын іздестіру қажет» деген ойын алға тартады. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстарды бірнеше жылдан бері «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жүргізуде.
Т.Жантикиннің ақпараттарына қарағанда, қазіргі уақытта Жапониямен келіссөздер үрдісі қарқынды жүргізілуде. Мәселен, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану туралы келісімге қол қойылып, енді бекіту процедуралары қалған. Үндістан, Канада, ҚХР мемлекеттермен келісімге қол қою кезекте тұр. Сондай-ақ Қазақстан Оңтүстік Корея, АҚШ, Еруоодақ елдерімен жұмыс істеуде. Жеткізу ауқымының үлкен екендігін алға тартқан оның айтуынша, қазақстандық уран кәсіпорнының барынша өңделген өнімді жеткізуге толық қабілеті жетеді.