Қазақстан үшін Әзербайжанмен байланыс Каспий интеграциясы тұрғысынан маңызды – саясаттанушы
Сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында Президенттің Бакуге жасаған сапары екі елдің ынтымағын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
«Қазақстан үшін Әзербайжанмен байланыс бірінші кезекте Каспий арқылы ара қатынас тұрғысынан маңызды. Шілде соңында біздің елдің дипломаттары Бакуде Қазақстан-Әзербайжан-Түркия бағытындағы жүк тасымалын дамыту туралы кездесуге қатысып қайтты. Қазақстан мен Әзербайжан арасында мұнай құбыры мен теміржол бөліктері сияқты аса маңызды өнімдер бойынша сауда жақсы жолға қойылған. Бұл сауда-саттықтың экономикалық эффектісі әсерлі», - дейді саясаттану ғылымдарының магистранты.
Оның пайымынша, Әзербайжан мен Қазақстанның ынтымағы саяси тұрғыдан да маңызды.
«Кейінгі кезде әлемде болып жатқан геосаяси оқиғалардың әсері де екі арадағы байланыстың серпінмен дамуына жол ашуы мүмкін.
Қазір кейбір сарапшылар Қазақстан мұнайын Маңғыстау немесе Атырау облысынан Каспий арқылы тікелей Әзербайжанға жеткізіп, әрі қарай жылжытуға болатынын көбірек айтып жүр. Шынымен де екі ортаға тікелей құбыр салынса, көптеген өзара ұсыныстар пайда болар еді. Әзербайжан мен Қазақстан арасында қатынайтын танкерлердің саны өте аз. Президенттің бүгінгі сапарынан кейін арадағы танкерлердің саны көбейетін шығар деп топшылап отырмын. Яғни, Әзербайжанмен тікелей байланыс мұнай тасымалының жаңа маршрутын ғана емес, оны сатып алушылардың жаңа қатарын шығаруы мүмкін», - деді Ғазиз Дәурен.
Сондай-ақ, ол екі елдің дербес мемлекеттер ретіндегі 30 жылдық қарым-қатынасы тамырын тереңнен алып жатқанына тоқталды.
«27 тамызда Қазақстан-Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орныққанына 30 жыл толады. Кеше ғана Әзербайжанда Қазақстан дипломатиялық кеңесінің жиыны өтті. Осының бәрі бауырлас елдердің қарым-қатынасын дамытуға кеңірек жол ашады», - деді саясаттанушы.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Әзербайжанға барды.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.