Қазақстан үшін болашақтың энергиясы - халқымыздың тұтастығы - ҚХА-ның Астананың ЕХРО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болуына орай құттықтауы

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас Ассамблеясының шешімімен біздің сүйікті елордамыз Астана қаласына ЕХРО 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығының берілгені жөніндегі көптен күткен қуанышты хабарды ерекше ықыласпен қабылдады.

Қазақстан үшін  болашақтың энергиясы - халқымыздың  тұтастығы - ҚХА-ның Астананың  ЕХРО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болуына орай құттықтауы

«Бұл Сіздің өсіп-өркендеген Тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы кемеңгер саясатыңыздың халықаралық деңгейдегі айбынды жеңісі, бұл біздің Отанымыздың экономикалық даму жолындағы жарқын жемісінің куәсі, бұл оның қарқынды дамып келе жатқан әлем мемлекеттері қатарындағы көшбасшылық рөлінің дүние жүзілік танылуы.

Бұл Қазақстан халқының ұлы жеңісі!»,- делінген құттықтау мәтінінде

Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің атап өтуінше, бұл жеңістің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесінің қарсаңында келуінің терең мәні бар, жеңіс біздің халқымызға жасалған үлкен сый болып отыр.

Соңғы жылдары Қазақстан ЕҚЫҰ Саммиті, Қысқы Азия ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезді, Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі сияқты халықаралық маңызды шараларды өткізу алаңына айналды.

«Бұл Сіз жүргізіп келе жатқан халықаралық қатынастардан жоғары моральдық ұстаным талап ететін, бейбітшілік пен келісім саясатына елдер мен халықтарды жақындастыру жолындағы Сіздің бастамаларыңызға, әлем қауымдастығы  тарапынан көрсетілген жоғары құрметтің айқын дәлелі.

Бұл жеңіс - Қазақстанның халықаралық қатынастардағы биік беделін, Сіздің көпвекторлы саясатыңыздың халықаралық дәрежеде мойындалуын айшықтайды. Бұл әлемдік іскер және саяси элита алдында Сіздің жеке мәртебелі беделіңіздің арқасында мүмкін болды.

Астананың ЕХРО 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің тақырыбы «Болашақ энергиясы» бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге - энергияның баламалы көздері мен «жасыл» технологияларға арналған.

Біздің ойымызша, Қазақстан үшін ең қуатты болашақтың энергиясы - ол ең алдымен Сіздің Тәуелсіз және өсіп өркендеген Қазақстанды құру идеяңыз бен жасампаз еңбекке талпынған біздің халқымыздың бірлігі мен тұтастығы.

Бұл энергияның қайнар көзі ешқашан сарқылмайды!

Қазақстан халқы Ассамблеясы барша Қазақстан халқын Елбасының әділетті, Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру жөніндегі міндеттерін орындау үшін күш-жігерін жұмылдыруға шақырады, тек осы арқылы ғана біз ортақ мақсатымызға - Тәуелсіз, әл-ауқатты және гүлденген Қазақстан құруға қол жеткіземіз»,-делінген құттықтауда.