Қазақстан үшін қаражатты ең алдымен ғарыш саласын дамытуға құйған ләзім - Д. Назарбаева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан үшін қаражатты ең алдымен ғарыш саласын дамытуға құйған ләзім. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен «Қазақстан Республикасының Ғарыш саласын құру барысы» атты тақырыптағы Үкімет сағатында палата Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді.
«Әлбетте, бүгінгі таңда Қазақстанның ғарыш саласында проблемалар да, қатерлер де аз емес. Осал тұстары да жетерлік. Дегенмен, біздің қазақстандық ғарыштық ғылым саласына бар-жоғы 7 жыл ғана екенін, яғни Ұлттық ғарыш агенттігінің құрылғанына 7 жыл толғанын ұмытпайық. Сондықтан да, салмақты ғылыми еңбектер мен ұсыныстар болуы үшін жаңа буынды ғалымдардың жетілуіне де ондаған жылдар өтуі керек те тәрізді. Сонда ғана біздің ғарыштық сала әлемнің жетекші саласына айнала алар еді, ал бұған да алғышарттар баршылық», - деді Дариға Назарбаева. Осыған орай, вице-спикер Қазақстан үшін қаражатты ең алдымен ғарыш саласын дамытуға құю керектігін айта келе, бүгінгі таңда инновацияға да, ғылым саласына да салынатын қаражаттар да аз емес екенін, дегенмен олардың нәтижелілігі тиісті деңгейде еместігін алға тартты. «Алайда, түрлі бағыттағы ғылыми ізденістерге жұмсалған ондай қаражаттың қандай нәтиже әкеліп жатқанын ешкім нақты айтып бере алмайды. Егер инновациялық, ғылыми зерттеулерді толығымен сараласақ, оның нәтижесін талдап, кейіннен ресурстарды ең алдымен қажетті тұсқа қайта бағыттасақ, онда бұның тиімділігі де айтарлықтай жоғары болар еді. Әрине, ғарыш саласы үшін қаражат қашанда жеткіліксіз. Сондықтан да, біз бюджеттік қаражаттарды жұмсауды тиімділікке бағыттап, шығындарды оңтайландыруды ұсынар едік», - деді Д. Назарбаева.