Қазақстан үшін Каспий секторының өзіне қарасты бөлігін барлауға қатысты еш кедергі жоқ - Ә.Мағауов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан үшін Каспий секторының өзіне қарасты бөлігін барлауға қатысты еш кедергі жоқ.

Қазақстан үшін Каспий секторының өзіне қарасты бөлігін барлауға қатысты еш кедергі жоқ - Ә.Мағауов

Парламент Сенатының жалпы отырысында Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов  осылай мәлім етті. Еске салсақ, жалпы отырыста «1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.

Заң жобасын талқылау барысында сенатор Ахан Бижанов Каспий теңізінің кені өңірдегі күрделі геосаяси, стратегиялық мәселе екенін айтты. «Теңіздің әсіресе түбін межелеуге байланысты басқа мемлекеттермен арадағы қазақстандық ұстаным қалай өрбіп жатыр» деп сұраған болатын сенатор.

Өз кезегінде вице-министр Каспий теңізінің түбін межелеу бойынша Ресеймен арада келісімге қол қойылғанын атап өтті. «Ол келісім орталық модифицикацияланған желіні білдіреді. Осының арқасында біз теңіздің қазақстандық секторында мұнайды іздеу, барлау жұмыстарын бастап кеттік. Дәл осындай келісім Қазақстан мен Әзербайжан, Түркіменстан арасында да бар. Жалпы Каспий теңізінің түбін межелеуге қатысты көптеген сұрақтар Иранмен арада бар. Дегенмен, ол бізге қатысты емес десек те болады, өйткені, ол елмен шекарамыз жоқ. Жалпы, қасымыздағы шектесетін елдермен жоғарыда аталған келісімдерге қол қойдық. Соның арқасында жұмыстарды бастауға болады деп есептейміз, бізге еш кедергі жоқ», - деді Ә. Мағауов.