«Қазақстан үшін қауіпті ұсыныс» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақстан үшін қауіпті ұсыныс» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев WBA тұжы­ры­мы бойынша кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чем­пио­ны Геннадий Головкинге «Парасат» орденін табыс етті. Кездесуде боксшы еліміз Тә­уелсіздігінің 20 жылдығында мемлекет тарапынан орден ал­ға­нына разылығын білдіріп, бұл марапат өзі сияқты елімізден сыртқары жерлерде, ел намысын қорғап жүрген саңлақтарымыз үшін ауызбен айтып жеткізгісіз үл­кен қуаныш екенін, осы наг­ра­даны ол мақтан тұтып, еліміздің көк байрағын биікте желбірету үшін аянбай тер төгетінін атап өтті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жүрегі Қазақстан деп соғады» атты мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының ауруханасы» РМК-да болып, жоспарлы профилактикалық медициналық тексеруден өтті.

Мемлекет басшысы меди­ци­на­лық орталық үздік батыстық үл­гіден кем түспейтін ең заманауи медициналық жабдық­тар­мен жабдықталғанын атап өтті. «Бүгін мен Президент Іс басқармасының орталық емха­на­сында менің денсаулығымды бақылайтын жыл сайынғы тексеруден өттім. Біздің барлық мемлекеттік қызметшілерге, әсіресе, басшы қызметкерлерге осында қаралуға кеңес беремін. Ел бас­шылығы, министрлер, әкімдер осындай профилактикалық тексеруден жыл сайын өтуі керек»,-деді Елбасы. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жоспарлы тексеруден өтті» атты мақаланы қараңыз.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, ұлтына, нәсіліне қарамай еліміздің барлық тұрғынын «казак» (қазақ емес) деп, ал республикамыздың атауын «Казакстан» (Қазақстан емес) деп жазуымыз керек. «Қазақ» деген «еркін», «тәуелсіз» дегенді білдіреді, соған сай Казакстан - бұл еркін ел. «Аспандау» деген ғылыми білім беру қоры «Мегаполис» газетінде жоғарыдағыдай аспандапты. Оны «Бұл - қазақстандық тарихшылардың ұсынысы» деп орыстілді кейбір электронды БАҚ алаулатып, жалаулатып әкетіпті»,-деп жазады. Бұл оқиғаның әрі қарай қалай өрбігенін «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақстан үшін қауіпті ұсыныс» атты мақаладан оқуға болады.

Сондай-ақ «Айқын» басылымының жазуынша, Маңғыстау облысындағы жағдай бірқалыпқа түсті. Қазір Ақтау мен Жаңаөзендегі өмір өз арнасына түсіп, бүлінген, қиратылған ғимараттарды орнына қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, іске асып жатыр. Бұл жөнінде кеше Елбасының Жарлығымен облысқа жаңадан тағайындалған облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджанов аймақтағы БАҚ өкілдерімен болған кездесу барысында мәлім етті. Осы жүздесуде көтерілген өзге де мәселелерді «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Жаңаөзенде қалпына келтіру жұмыстары басталды» атты мақаладан білесіздер.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, әлемдік сарапшылар Қазақстан экономикасының даму динамикасы жайында айтқанда, оның жағымды-жағымсыз жақтарына тоқталғанды ұнатады. Олардың айтуынша, жағымды тұсы - билік тұрақтылығы мен бір орталықтан басқарудың артықшылығы. Бұл түсінікті де. Себебі жаңа реформалар енгізіп, олар үшін жауапты болуға міндеттейді. Әсіресе, соңғы дағдарыс еуропалық демократияның басты кемшілігін көрсетті - биліктің жиі ауысуы жауапсыздыққа әкеледі. Өйткені жаңа билік бұрынғының ісіне жауап бергісі келмейді, жаңа реформаларды қабылдауды кешіктіреді. Сөйтіп уақытты өткізіп алады. Осы тұрғыдан алғанда, бізге бұл жағынан қауіп жоқ. Неге? Бұл сауалдың жауабын «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Интеграция - әлемдік дағдарысқа қарсы тұрудың инструменті» атты мақаладан білуге болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, биылғы жыл Қазақстан спортшылары үшін өте табысты болды деуге болады. Халықаралық аренада өте жоғары жетістіктерге қол жеткізіп қана қоймай, өз елімізде дүбірлі додалар өткізіп, беделіміз өсті, абыройымыз артты. Еліміздің жыл басынан спорт саласында нендей жетістіктерге жеткендігін «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Спорт саласы табысты болды» атты мақаладан егжей-тегжейлі білесіздер.

***

Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов 2012 жылдың 15-ші қаңтарына тағайындалған Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын байқау мақсатында елімізге келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Адам құқықтары және демократиялық институттар бюросы миссиясының басшысы Миклош Хараштимен кездесті. Бұл кездесу жабық есік жағдайында өтті. Ал онда айтылған мәселелерді «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Встречи са наблюдателями» атты мақаладан оқисыздар.