Қазақстан үстел теннисінен Чехияда өтетін халықаралық турнирге қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – 5 - 9 сәуір аралығында Чехияның Гавиржов қаласында үстел теннисінен WTT Feeder Havirov халықаралық турнирі өтеді. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитет хабарлады.

Аталған жарыста Қазақстан құрамасы сапынан Кирилл Герасименко, Зәуреш Ақашева, Алан Құрманғалиев, Сарвиноз Миркадирова, Дастан және Айдос Кенжіғұловтар, Абдулла Мамай, Әнел Бақыт, Санжар Жұбанов пен Сағантай Құрмамбаев ел намысын қорғайды.
Жүлдеге үміткерлер қатарында жұптық сайыста әлем және Еуропа чемпионы Маттиас Фальк (Швеция), Еуропаның екі дүркін чемпионы Маркуш Фрейташ (Португалия), Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері Манав Таккар (Үндістан), жастар арасындағы әлем чемпионы әрі Еуропа вице-чемпионы Флавьен Котон (Франция), Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Сато Хитоми (Жапония), Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Изабела Лупулеску (Сербия) және Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Наталья Байор (Польша) сияқты атақты спортшылар бар.
Бұған дейін үстел теннисінен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.