Қазақстан ұйғырлары Елбасының өкілеттілігін ұзарту туралы республикалық референдумды қолдайды

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Қ. Қожамьяров атындағы ұйғыр театрында Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары С. Сейдумановтың төрағалығымен Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнінде Қазақстан ұйғырларының жиналысы өтті.

Қазақстан ұйғырлары Елбасының өкілеттілігін ұзарту туралы республикалық референдумды қолдайды

Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары С. Сейдуманов ұйғыр этносының Алматы қаласының дамып, өркендеуіне үлкен үлес қосып келе жатқанын баса айтты. «Біздің сүйікті қаламыздың экономикалық әлеуеті әлемде 70 мемлекетті артқа тастайды. Ал еліміз ТМД елдері арасында Ресейді есепке алмағанда жетекші елге айналып үлгерді. Осы орайда қаламызда және елімізде әр деңгейдегі іс-шараларға белсене атсалысып келе жатқан Қазақстан ұйғырларының еңбегін баса айтқым келеді»,- деді С. Тұрарұлы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ұйғыр республикалық мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ахметжан Шардинов Қазақстандағы ұйғыр этносы Тұңғыш Президент өкілеттілігін ұзарту туралы республикалық референдумды қолдайтынын мәлімдеді. «ЕҚЫҰ-ға төрағалық пен Астанада Саммиттің өтуі Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен Қазақстанның өрісті мемлекет ретінде орныққанын ғана емес, оның ғаламдық қауіпсіздік пен әріптестікті қамтамасыз ету ісіне лайықты үлес қосқан, абыройлы аймақтық жетекші елге айналғанын көрсетті», -деді ол.

Шарада Қазақстан ұйғырларының референдум өткізуді қолдау жөнінде ел азаматтарына Үндеуі қабылданады. Онда «Бүгінде Қазақстан «Ұлт Көшбасшысының» басшылығымен ауқымды әлемдік экономикалық дағдарысты нық еңсерген кезде, елімізде нәтижесіне Қазақстан халқының талай ұрпағының тағдыры байланысты жеделдетілген индустриалды-инновациялық дамудың жауапты кезеңіне аяқ басқан кезде, қазақстандық ұйғырлар - елді, халықты қаншама сындарлы сәттерден абыроймен алып келе жатқан, тарихи өлшемдегі міндеттерді шешу қабілетін ісімен дәлелдеген Көшбасшыға сену дұрыс деп біледі», - деп көрсетілген.