Қазақстан вакциналар бойынша көмекке мұқтаж емес – АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу Қазақстанға Pfizer вакцинасын жеткізу мәселелері жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз коронавирус, Қазақстанның Pfizer вакцинасын сатып алуы және вакцина бойынша көмек көрсету мәселелері бойынша ынтымақтастыққа қатысты бірқатар келіссөз жүргіздік. Сондай-ақ, біз QazVac отандық вакцинасын әзірлеу саласындағы ынтымақтастықты, COVID-19 науқастарын емдеудегі техникалық консультациялар үшін жабдықтар ұсыну мәселелерін талқыладық. Пандемия аясында серіктестігіміз күшейеді деп ойлаймын», - деді Дональд Лу ҚР Сыртқы істер министрлігінде журналистер сұрағына берген жауабында.

Оның айтуынша, қазір Ақ үй вакциналар бойынша көмек көрсету мәселелерін қарастырып жатыр.

«Менің ойымша, Қазақстан вакциналар бойынша көмекке мұқтаж емес. Сіздер өз вакциналарыңызды өндіріп жатырсыздар. Бірақ АҚШ-қа сапарлау үшін енгізілген жаңа шектеулерден кейін бүкіл әлемде нақты бір вакциналарға қажеттілік бар деп ойлаймын. Мүмкіндігінше, сіздерге көмектесер едік», - дейді Дональд Лу.

Сондай-ақ, Д. Лу Америка Құрама Штаттарына кіру туралы сұраққа жауап берді.

«Барша әлемде АҚШ-қа барғысы келетіндер үшін бұл қиынырақ екенін білемін. Қазір біз ДДСҰ-да тіркелген және АҚШ-та мақұлданған вакциналарды алғандарды қабылдаймыз. Министрдің орынбасарымен сөйлескенде, Қазақстан QazVac вакцинасын ДДСҰ-да бекіту үшін көп жұмыс істеп жатқанын білдік. Қазір АҚШ-қа кіру үшін Pfizer, Moderna, Johnson & Johnson вакциналарының толық циклын, ал басқа вакциналар бойынша екі дозаны немесе бір толық дозаны алу керек», - деп түсіндірді Дональд Лу.

Айта кетейік, бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лудың төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия отырысы өтті.


Соңғы жаңалықтар