13:31, 09 Маусым 2023 | GMT +5
Қазақстан велоспорт құрамасы Азия чемпионатынан екінші алтынды еншіледі
РАЙОНГ. ҚазАқпарат - Таиландтың Районг қаласында тасжолдағы велоспорттан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасында отандасымыз Андрей Ремхе мәре сызығын бірінші болып кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол белгіленген 30 шақырымды 36:11.058 секундта бағындырды.
Одан кейін қытайлық Жу Цзиньян мен индонезиялық Мұхаммед Энди Ройан келді.
Бірнеше күн бұрын аралас командалық сында (микс) Ұлттық құрама чемпион атанған.
Ол кезде Қазақстан құрамасы сапында Евгений Федоров, Дмитрий Груздев, Игорь Чжан, Махаббат Үмітжанова, Рината Сұлтанова және Марина Куьзмина жарыс жолына шықты.
Жалпы Районгта сары құрлықтағы 27 елден келген 700-ге жуық велошабандоз ересектер арасындағы 42-ші, жастар арасындағы 29-шы, 11-ші пара Азия чемпионатында сынға түсіп жатыр.
Мұнда Париж Олимпиадасына қажет рейтинг ұпайлары сарапқа салынады. Чемпионат 13 маусымда мәресіне жетеді.