Қазақстан-Вьетнам: сенімге құрылған мүдделер тоғысы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен 5-7 мамыр күндері Қазақстанға Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам келмек. Мемлекеттік сапар аясында сауда-экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық салаларды қамтитын бірнеше келіссөздер өтеді. Кейінгі 30 жылдан астам уақытта екі ел байланысы қалай нығайды? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы осы тақырыпты талдап көрді.

Вьетнам
Коллаж: canva

Саяси байланыстың орнауы

Жалпы, Вьетнам Қазақстаннан тым жырақ көрінгенімен, еліміз тәуелсіздік алғанда көп ұзамай-ақ мойындаған мемлекеттердің бірі. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 1991 жылы 27 желтоқсанда Вьетнам Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады, ал 1992 жылы 29 маусымда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнады.

Араға 2 жыл салып, 1994 жылдың маусымында Вьетнам премьер-министрі Во Ван Киет Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. 2011 жылы қазан айының соңы мен қараша айының басында сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға ресми сапары өтті. Бір жылдан кейін Вьетнам басшысы Чыонг Тан Шанг Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Бұл барыс-келіс, қарым-қатынастар кейін де үзілген жоқ. 2022 жылы Вьетнамның вице-президенті Во Тхи Ань Суан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алтыншы саммитіне қатысу үшін Қазақстан астанасына келді. Бұл сапарда ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесулер өткізді.

2023 жылғы тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапармен бет бұрды. Беделді лауазымды тұлғалар күтіп алып, бірнеше маңызды келіссөздер өтті. Нәтижесінде, сол жолғы сапар аясында Қазақстан мен Вьетнам арасында 12 құжатқа қол қойылды.

Вьетнам
Фото: Ақорда

 

Бұдан бөлек, қос ел парламентаралық, партияаралық ынтымақтастықты, жоғары деңгейдегі және сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі байланыстарды қолдап отырады. Парламентаралық байланыстарды нығайту мақсатында достық топтары да құрылған.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Кейінгі 3 жыл аралықты қарасақ, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы алыс-беріс, яғни, тауар айналымы қарқынды өсіп жатқанын байқау қиын емес. Мәселен, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне жүгінсек, екі ел 2022 жылы – 600 млн доллар, 2023 жылы – 979,2 млн доллар, 2024 жылғы қаңтар-қазан айларының арасында 752,8 млн долларға сауда жасасқан. Ендігі мақсат – межені 1,5 млрд долларға жеткізу.

Вьетнам
Инфографика: Kazinform

 

Екі ел бір-біріне қандай тауарларды экспорттады? Қазақстан тарапы 2024 жылғы қаңтар-қазан аралығында 192 млн долларға 94,1 мың тонна экспорт жасаған. Оның ішінде өңделмеген металдар, тоқыма өнімдері, өңделмеген цинк, наушниктер, балыққа арналған жем, дайын түрдегі тауық, сиыр, шошқаның ішек-қарны, басқа да құрылғылар бар.

Ал Вьетнам жағы бізге 560,7 млн долларға 24,1 мың тонна зат жеткізген. Көбіне смартфондар, теледидар, аяқ киімдер, шаңсорғыш, принтер, жаңғақ, сөмкелер, шиналар, дәмдеуіштер келген.

Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас

2012 жылы Қазақстанда Вьетнамның мәдени күндері өтті, бір жылдан соң Вьетнамда Қазақстанның мәдени күндері өткен болатын. Сондай-ақ 2013 жылдан бері Ханой педагогикалық университетінде Абай атындағы ғылым және мәдениет орталығы жұмыс істейді. 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Вьетнам мәдениет және білім орталығының ашылу салтанаты өтті.

2020-2023 жылдар аралығында Абайдың «Қара сөздер» кітабы вьетнам тілінде ұсынылды, VTV-1 мемлекеттік телеарнасында және Ханойдағы ұлттық кино орталығында «Алмас қылыш. Қазақ хандығы» вьетнам тілінде көрсетілген. Дананг қаласында Қазақ киносы күндері өтіп, «Қазақ ертегілерінің» үш томы жарық көрген, Ілияс Есенберлиннің вьетнам тіліндегі «Көшпенділер» тарихи трилогиясы таныстырылған.

Туризм және инвестиция: екі ел бір-біріне не ұсына алады?

Қытайтанушы, China Center Қытай зерттеулері орталығының директоры Әділ Қаукеновтің пайымдауынша, Вьетнам қазір экономикалық, әскери және сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан, жалпы ішкі өнімі, халқы мен қуаты үлкен, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Яғни, Вьетнам өзінің өңірінде, Оңтүстік-Шығыс Азияда өте перспективалы ел саналады.

Әділ Кәукенов
Фото: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

 

– Қазақстан мен Вьетнамның ортақ шекарасы жоқ екені түсінікті. Бұл екі елдің өзара байланысына белгілі бір шектеулер қояды. Алайда бұл елдің қазіргі дамуын елемеуге болмайды.

Мысалы, Вьетнам мен АҚШ арасындағы күрделі тарихқа қарамастан, Америка президенттері де Вьетнамға барды. Сонымен қатар, Вьетнам Қазақстан кіретін ЕАЭО-мен жақсы жұмыс істейді, себебі оның Ресеймен бұрыннан келе жатқан тығыз байланыстары бар. Саяси және экономикалық қатынастары жақсы болғандықтан, олар теңіз жолдарын, әсіресе Владивосток порттарын пайдалана алады. Сол порт арқылы немесе Қытай арқылы Вьетнаммен сыртқы сауданы дамыту мүмкіндігі бар. Бұл бағыттар Вьетнам үшін де пайдалы, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ Қаукенов қазір Вьетнамның туризм жағынан да белсенді дамып жатқанына зер салды. Халықаралық деңгейдегі жаңа жағажайлар ашылып жатыр, олар қазақстандық туристерге ұнап үлгерді. Қазақстаннан Вьетнамға тікелей чартерлік және кейбір тұрақты рейстер бар.

– Бірақ бұл әлеует толық іске аспаған. Шын мәнінде, Астана мен ірі қалалар арасында тұрақты рейстердің жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, Ханой мен Хошимин бағыты. Қазақстан да Орталық Азияда даму қарқыны жоғары ел болғандықтан, екі ел арасында қайшылық жоқ, керісінше, туризм мен сауда салаларында ортақ қызығушылықтар бар. Мұның бәрін дамытуға болады, – деп толықтырды Әділ Қаукенов.

Қазір VietJet атты ірі вьетнамдық әуекомпания Қазақстан нарығына кірді, бірақ әзірге тек туристік бағыттармен шектелуде. Бұл Қазақстан қалалары мен Вьетнамның даму орталықтары арасында байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Егер іскерлік қатынастар мен өзара инвестициялар жайында айтатын болсақ, тек туристерге емес, бизнес байланыстарын да нығайту үшін тұрақты рейстер қажет болмақ.

– Вьетнам Қазақстан азаматтары үшін визасыз елге айналды. Бұл – саяси қадам, бірақ екі тарап үшін де үлкен пайдасы бар. Вьетнам қазақстандық туристер ағынын қабылдап жатыр, ал қазақстандықтар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Қазақстанда шетелге жиі шығатын орта тап бар. Осы факторлар қазақстандық төлқұжаттың (паспорттың) құндылығын арттырады.

Ал Еуропалық Одақ Қазақстан азаматтарына әлі де сәл суық қарайды, себебі шенген визасын алу өте қиын. Уәде бергенімен, шын мәнінде кедергілер көп. Ал Вьетнам керісінше, Қазақстан азаматтарына, төлқұжатына құрмет көрсетіп отыр. Бұл өте маңызды жайт, – дейді сарапшы.

Сөз соңында Әділ Қаукенов «Қазақстан Вьетнамға не ұсына алады?» деген сауалға да тоқталды. Оның айтуынша, Вьетнам бізге туризмді, теңізді, инвестиция мүмкіндіктерін беріп отыр. Ал Қазақстан Вьетнам үшін бизнесін кеңейтуге арналған алаң бола алады. Вьетнамдық кәсіпкерлердің Қазақстанға инвестиция салып, пайда көруге мүмкіндігі бар. Бұл жұмыс орындарын ашуға, салық төлеуге және жаңа технологиялардың келуіне жол ашады. Сондықтан вьетнамдық инвестицияларды тарту – маңызды әрі қажет міндет.

Соңғы жаңалықтар