Қазақстан волейболшылары Бахрейндегі жарыстың жартылай финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM - Уса-Таунда (Бахрейн) волейболдан ерлер құрамалары арасында өтіп жатқан «AVC шақыру кубогі» халықаралық турнирінде Қазақстан ойыншылары жартылай финалға жолдама алды.
Қазақстандықтар ширек финалда Аустралия құрамасымен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда аустралиялық команда басым түсті - 25:21. Бұдан кейін Виктор Козиктің шәкірттері ойын тізгінін қолға алып, камбэк жасай білді - 25:23, 25:18, 25:21. Жалпы есеп - 3:1, Қазақстанның пайдасында.
Қазақстан құрамасы финалға шығу үшін Қатар командасымен таласады. Қатарлықтар ширек финалда Қытайды жолдан тайдырды - 3:0.
Осы жарыс чемпионы «Сегіздік финалына» шығып, Ұлттар лигасына берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан волейбол құрамасының тартысты матчта Таиландты ұтқанын жазған болатынбыз.