Қазақстан вольфрамын Ұлыбританияға тасымалдау бойынша келіссөздер жүргізілуде

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл жоба Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы аса маңызды пайдалы қазбалар саласындағы серіктестік аясында іске асырылуда. Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісінің хабарлауынша, британдық компаниялар қазақстандық вольфрам өнімдерін өндірушілермен жеткізу туралы шарттар жөнінде келіссөз жүргізуде. Ұлыбританияның алты брокерімен және өнімнің түпкілікті үш тұтынушысымен байланыс орнатылған. Kazinform меншікті тілшісі аталған мәселеге шолу жасады.

Қазақстан-Ұлыбритания
Коллаж: Kazinform

Ұлыбританияның Аса маңызды пайдалы қазбалар қауымдастығы ұйымдастырған шараға тау-кен өнеркәсібінің 300-ден астам өкілі, сарапшылар, кеңесшілер, дипломаттар және мүдделі елдердің шенеуніктері қатысқан. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы осы саладағы ынтымақтастық ең перспективалы бағыттардың бірі ретінде саналады.

Ұлыбританияның Бизнес және сауда министрлігінің пайдалы қазбаларды өндіру бөлімінің басшысы Оливер Ричардстың айтуынша, бірлескен күш-жігер қазірдің өзінде елеулі нәтиже беріп отыр. 2023 жылдың наурыз айында серіктестер аса маңызды пайдалы қазбалар саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, ал бір жылдан кейін осы саладағы серіктестік бойынша жол картасы келісілді.

Аса маңызды пайдалы қазбаларға заманауи технологияларда қолданылатын, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және экономикалық дамуда маңызды рөл атқаратын металдар мен сирек кездесетін элементтер жатады.

Меморандумға қол қойылған сәттен бері Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі 5,4 млн фунт стерлингке (шамамен 7 млн АҚШ доллары) келісімшарттардың жасалуына және іскерлік, саяси және білім беру байланыстарының нығаюына ықпал етті. Бұл бастамалар алдағы бес жылда Ұлыбританияға 100 миллион фунт стерлинг (шамамен 126,6 миллион АҚШ доллары) пайда әкеледі деп күтілуде.

Британдық тараптың қазақстандық вольфрам өнімдерін өндірушілермен ынтымақтастығы да маңызды қадамдардың бірі болды. Ұлыбританияның алты брокерімен және түпкілікті үш тұтынушысымен байланыс орнатылып, жеткізу туралы шарттар жөнінде келіссөздер басталды.

Оған қосымша, Ұлыбританияның Геологиялық қызметі мен Қазақстанның Геологиялық қызметі арасындағы серіктестік геологиялық деректерді цифрландыруға мүмкіндік береді, бұл британ компанияларының инвестициялық шешімдерін анағұрлым дәйекті етіп, олардың іске асырудағы сын-қатерді азайтады.

Ұлыбританияның Аса маңызды пайдалы қазбалар жөніндегі ақпараттық орталығының өткен аптада жариялаған бағалауына сәйкес, биыл минералдар тізімі едәуір кеңейіп, 18-ден 34 аталымға жетті. Жаңа қосылған элементтер қатарында алюминий, германий, темір, иридий, магнезит, марганец, никель, натрий, рений, титан, мырыш және басқа да минералдар бар.

Тізімнің кеңеюі осы маңызды материалдарды жеткізу тізбегінің тұрақтылығын сақтауда артып келе жатқан қиындықтарды көрсетеді. Сондықтан Ұлыбританияның басты міндеті – минералдық ресурстарға деген өсіп келе жатқан сұраныс пен олардың сенімді әрі тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу.

− Бұл бағалау Ұлыбритания экономикасының күннен-күнге кеңейіп келе жатқан әртараптануы мен жаһандық саудаға тәуелділіктің артуы аса маңызды пайдалы қазбаларды жеткізудегі іркілістер қаупін арттыратынын көрсетеді, – деді Аса маңызды пайдалы қазбалар жөніндегі Ақпараттық орталықтың директоры Гэвин Мадд конференцияда.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, конференция іс-шарасында сөз сөйлеген өкіл Қазақстанда 103 түрлі пайдалы қазбаның 9 мың кен орны бар екенін айтты. Олардың қатарына ванадий, вольфрам, кобальт, литий, молибден, ниобий, никель, қалайы, тантал, титан және басқалары кіреді. Біздің еліміз никель қоры бойынша әлемде 11-орынды иеленеді (2 млн тоннадан астам қор).

Әлемдегі әрбір бесінші әуе лайнері қазақстандық титаннан жасалған фюзеляжбен, ал реактивті қозғалтқыштар – қазақстандық рениймен жабдықталған. Өскемен металлургия зауытында өндірілетін бериллий спутниктер мен атом энергетикасында қолданылады. Кәсіпорынның өкілдері Лондонда өткен конференцияда халықаралық серіктестермен іскерлік байланыстар орнату мүмкіндігін пайдаланды.

Қазақстан өз аумағында ресурстарды өңдеуді дамытуға үлкен мән береді, бұл олардың құнын арттыруға мүмкіндік береді. Шетелдік компаниялар өндірілген шикізатты еркін экспорттау құқығын сақтаса да, жергілікті өндіріс қуаттарының болуы шикізатты қазақстандық кәсіпорындарда өңдеуге мүмкіндік береді. Мұндай бағыт елдің ұзақ мерзімді мүдделері мен мақсаттарына толық сәйкес келеді.

Қазақстан мен Ұлыбритания серіктестігін қорытындылай келе, Қазақстанның аса маңызды пайдалы қазбалар саласында Ұлыбритания үшін сенімді серіктес ретінде өз позициясын біртіндеп нығайтып келе жатқанын айтуға болады. Ел айтарлықтай табиғи ресурстарға ие және өңдеу қуаттарын дамытуға бағыт алған, бұл Қазақстанға жаһандық нарықта бірегей мүмкіндіктер береді.

2025-2026 жылдары Қазақстанда шетелдік компаниялардың қатысуымен, шикізатты терең өңдеуге бағытталған заманауи кәсіпорындар пайда болады деп күтілуде. Егер британдық серіктестер айтарлықтай икемділік пен қызығушылық танытса, олардың бұл жобаларға қатысуы осынау табыстың маңызды бөлігіне айналуы мүмкін. Мұндай бастамаларды іске асыру тек ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, ұзақмерзімді даму үшін берік іргетас орнатады.

Еске салсақ, Қазақстан тарихында алғаш рет вольфрам өндірісі іске қосылды.

 

Соңғы жаңалықтар