Қазақстан Web Summit-2017 конференциясында цифрлы экономика бағдарламасын таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Португалия астанасы Лиссабонда өтіп жатқан ғаламдық Web Summit-2017 конференциясында цифрлы экономиканы дамыту бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Қазақстан делегациясына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев басшылық жасауда. Конференцияда ол халықаралық интернет-компаниялардың өкілдерімен, ІТ және экономика мен ғылымды цифрландыру саласындағы беделді мамандармен, Кремний аңғарының сарапшыларымен, сондай-ақ шараны ұйымдастырушылармен кездесті.

Асқар Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, Қазақстан Web Summit-ке абыроймен қатысып, елімізде цифрлы экономиканы дамыту жөніндегі жоспарларын шетелдік қатысушыларға таныстырды.

«Біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қамтитын салалар мен технологиялар жайындағы жоспарларымызды айттық, стартап-қоғамдастықтардың өкілдеріне, ірі ІТ-компаниялар мен сарапшыларға бағдарламаны жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігін бердік. Біздің технологиялық ұсыныстарымыз экономиканың барлық саласына: өнеркәсіптен әлеуметтік салаға дейін, Blockchain технологияларынан Artificial Intelligence технологияларына дейін өтімді», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Веб-саммиттегі Қазақстан конференциясына республиканың ірі мультисервистік операторы да қатысты. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев инфрақұрылымдық оператор бола отырып, компания экономиканы цифрландыру жөніндегі жобаларға белсенді қатысып келетінін тілге тиек етті.

«Біздің жаңадан ұсынып отырған өнімдеріміздің мемлекеттік, қаржы қызметтерінде, «ақылды қалаларды» салу және өнеркәсіп салаларында көп көмегі тиюі мүмкін. Біз Big Data, Internet of Things, Artificial Intelligence сияқты технологияларды мейлінше қолдана бастадық», - деді ол.

Қуанышбек Есекеевтің пікірінше, Web Summit форматындағы конференциялар осы сала өкілдерінің ортақ алаңы қызметін атқарады.

Қазақстан делегациясының өкілдері веб-саммитте «интернет бұйымдар», жасанды интеллект, робот техникасы, криптовалюта, киберқауіпсіздік, блокчейн секілді адамдар өмірін сапалық жағынан өзгертуге септігін тигізетін технологиялармен, сондай-ақ басқа елдердегі инновациялық технологияларды мемлекеттік реттеу мәселелерімен танысты.

Еске сала кетсек, 6 қарашада басталған веб-саммит 9 қарашаға дейін жалғасады. Қазақстан делегациясы ІТ-қоғамдастыққа өз ұсыныстарын шараның екінші күні өткен конференцияларында таныстырды.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram