Қазақстан XXIII қысқы Олимпиада ойындарынан жалғыз қола медальмен қайтады
Бүгін Олимпиада ойындарының соңғы күні шаңғы жарысынан әйелдер арасында 30 шақырымдық масс-cтарт жарысы өткен болатын. Онда бақ сынаған үш қазақстандық шаңғышы қыз да жүлделі орындарға қол жеткізе алмады. Осылайша, Қазақстан құрамасы XXIII қысқы Олимпиада ойындарын жалғыз қола медальмен аяқтады. Қола медальді фристайлшы Юлия Галышева жеңіп алған болатын. Өзге спортшыларымыз өкінішке қарай жүлдесіз қалды.
Олимпиада ойындарында Қазақстаннан 46 спортшы спорттың 9 түрінен ел намысын қорғады. Атап өтсек, биатлоншы бес - ер, бес әйел спортшы сынға түсті. Олардың құрамында Василий Подкорытов, Максим Браун, Владислав Витенко, Тимур Хамитгатин, Роман Еремин, Алина Райкова, Дарья Климина, Галина Вишневская, Ольга Полторанина және Елизавета Бельченко болды. Олар спринт, ізге түсу, жекелей сайыс, масс-старт, аралас эстафета және эстафетада өнер көрсетті.
Фристайлдан ел намысын 9 спортшы қорғады. Нақтырақ айтсақ, үш - ер, алты әйел адам. Могул сайысында Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Юлия Галышева және Аяулым Әмренова өнер көрсетті. Акробатикада жарыс жолына Маржан Ақжігіт, Жанбота Алдабергенова, Аяна Жолдас, Ақмаржан Қалмұрзаева және Ильдар Бадрутдинов шықты.
Шаңғы жарысында жеті спортшымыз сынға түсті. Оның төртуі ер, үшеуі әйел спортшы. Аттарын атап өтсек, Алексей Полторанин, Денис Волотка, Евгений Величко, Виталий Пухкало, Валерия Тюленева, Анна Шевченко мен Елена Коломина.
Шорт-трек сайысында бес - ер, екі әйел спортшымыз жарыс жолына шықты. Олар - Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғәлиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Мерсаид Жақсыбаев, Анастасия Крестова мен А Йонг Ким. Ал коньки тебуден бес - ер, бір әйел спортшымыз сынға түсті.
Спорттың бұл түрінен ел намысын мына спортшылар қорғады: Роман Креч (500, 1000 м), Станислав Палкин (500, 1000, 1500 м), Артем Крикунов (500 м), Федор Мезенцев (1000, 1500 м, масс-старт), Денис Кузин (1000, 1500 м) және Екатерина Айдова (500, 1000, 1500 м).
Биыл қысқы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан 3 қазақстандық спортшы сынға түсті. Олар Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева және Айза Мамбек. Сондай-ақ, тау шаңғысы спортынан Қазақстан намысын екі спортшымыз қорғады. Олар Игорь Закурдаев пен Мария Григорьева. Ал шана спорты мен трамплиннен секіруден екі спортшы өнер көрсетті. Никита Копыренко шана спортынан сынға түссе, Сергей Ткаченко трамплиннен секіруден бақ сынады.
Алайда, екі аптадан астам уақытқа созылған төртжылдық додада отандастарымыз жалғыз қола медальмен Олимпиада ойындарын 28-ші орынмен аяқтады.
Фото:Даниар Майлыбаев