Қазақстан ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы байланысты нығайтуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан БҰҰ-мен бірлесіп, ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және ядролық тәуекелдерді азайту мәселелерін талқылады. Форумда тұрақты консультациялар өткізу, ядролық мемлекеттермен диалогты дамыту және ортақ бастамаларды іске асыру ұсынылды. Бұл туралы СІМ мәлім етті.

Қазақстан ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы байланысты нығайтуды ұсынды
Фото: СІМ

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасымен (БҰҰ ҚМБ) бірлесіп «Ядролық қарудан азат аймақтар: жан-жақты зерттеуден практикалық ынтымақтастыққа» атты форум өтті.

Іс-шара Семей шартына қол қойылуының 20 жылдығына және БҰҰ-ның ядролық қарудан азат аймақтар туралы соңғы 50 жылдағы алғашқы жан-жақты зерттеуінің жариялануына орай ұйымдастырылды. Зерттеу ұсынымдарын іске асыруға, ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ядролық мемлекеттермен өзара іс-қимылды дамытуға баса назар аударылды.

Қазақстан ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы байланысты нығайтуды ұсынды
Фото: СІМ

Форумға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары — Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу, Мексиканың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары П.Ледо, «Ядролық қатерді азайту бастамасы» ұйымының (NTI) Вице-президенті П.Дин, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері мен дипломаттары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы сарапшылар қатысты. Пікірталасқа «William & Mary» университетінің (АҚШ) өкілі Р.Мусто модераторлық етті.

— Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров ядролық тәуекелдер артып отырған жағдайда тиімділігін дәлелдеген ынтымақтастық тетіктерін нығайтудың маңызы ерекше екенін атап өтті. Ол Орталық Азияның өңірлік қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, БҰҰ-ның жаңа зерттеуіндегі ұсынымдарды нақты бірлескен бастамалар әзірлеу үшін пайдалануға шақырды, — делінген хабарламада.

И.Накамицу БҰҰ мен Қазақстанның көпжылдық әріптестігін және еліміздің ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы дәйекті күш-жігерін жоғары бағалады. Атап айтқанда, Қазақстан 2019 және 2024 жылдары БҰҰ ҚМБ-мен бірлесіп Астанада аймақтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және консультациялар тетіктерін жетілдіруге арналған халықаралық семинарлар ұйымдастырды. Семей шартының табысты өңірлік дипломатия үлгісі ретіндегі маңызын атап өткен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары жаңа зерттеудің ұзақ мерзімді құндылығы оның ұсынымдарының іс жүзінде орындалуына байланысты болатынын айтты. Сондай-ақ, БҰҰ ҚМБ-ның осы жұмысқа жәрдемдесуге дайын екенін растады.

Қазақстан ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы байланысты нығайтуды ұсынды
Фото: СІМ

Мексика өкілі ядролық қарудан азат аймақтардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, олардың институционалдық әлеуетін нығайтуды және заңдық тұрғыдан міндетті қауіпсіздік кепілдіктері мәселелері бойынша ядролық мемлекеттермен диалогты жалғастыруды қолдады.

«NTI» өкілі ядролық қарудан азат аймақтардың ядролық тәуекелдерді төмендетудегі әлеуетін атап өтіп, Қазақстан, Оңтүстік Африка, Бразилия және Аргентина тәжірибесіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, Венада аймақаралық кездесу өткізу және дипломаттарға арналған мамандандырылған білім беру онлайн-ресурсын құру жоспарлары туралы хабарлады.

— Ашық пікірталас барысында Бразилия мен Ұлыбритания елшілері ядролық қарудан азат аймақтар арасында тұрақты консультациялар өткізудің және ядролық мемлекеттермен сындарлы диалог жүргізудің маңызын атап өтті. Сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері үйлестіруді, ақпарат алмасуды және білім беру саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде жастарды тарта отырып, нығайтуды ұсынды. Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілі ядролық қарудан азат аймақтар туралы шарттар мен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың бірін-бірі толықтыратынын назарға алды, — деп хабарлады ведомстводан.

Форумды қорытындылай келе, Қ.Омаров ядролық қарудан азат бес өңірлік аймақ пен Моңғолия арасындағы үйлестіруді, оның ішінде ядролық мемлекеттермен диалогта ортақ басымдықтарды ілгерілету мақсатында жандандыруды ұсынды.

Форумның практикалық жалғасы ретінде Қазақстан тарапы БҰҰ ҚМБ-ның жәрдемімен қатысушылардың негізгі ұсыныстары мен одан әрі ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын қамтитын пікірталастың қысқаша түйінін әзірлейді.

Бұған дейін Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында сөз сөйлегенін жаздық.