Қазақстан ядролық қаруды жою бастамаларында көш бастап келеді – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Женевада Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған Бейбітшілік маршы өтті.

Алин Уэр
Фото: Алина Уэрдің жеке архивінен

Іс-шара Қазақстан мен БҰҰ-ның #StepUp4Disarmament («Қарусыздану жолындағы нақты қадамдар») жаһандық бастамасы аясында ұйымдастырылды.

Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі спорттық-қоғамдық шараға қатысушылардың бірі, «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жолында» ұйымының өкілі Алин Уэрмен (Alyn Ware) сұхбаттасты.

Жаңа Зеландиядан шыққан, бүгінде Швейцарияда тұратын сарапшы 29 тамыздың ядролық сынақтардан зардап шеккендерді еске алу күні ғана емес, ядролық қарудан азат әлем құру қажеттігін тағы бір мәрте ұғындыратын маңызды дата екенін атап өтті.

– Бұл күн Қазақстанның бастамасымен бекітілді. Қазақстан қырғи-қабақ соғыс жылдарында 450-ден астам ядролық сынақты бастан өткерді. Сондықтан қазақстандықтар радиацияның, оның қоршаған орта мен адам денсаулығына тигізетін апатты зардаптарының не екенін өз тәжірибесінен жақсы біледі. Тынық мұхиты аймағында да ядролық сынақтар жүргізілген. Сол себепті біз Қазақстанның ядролық қаруды жоюға бағытталған ұстанымын толық қолдаймыз, – деді Алин Уэр.

Бейбітшілік маршына қатысушылар 8,29 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Бұл сан 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін білдіреді. Марш Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратынан басталып, маңызды халықаралық бейбіт келіссөздер өткен «Ла Гранд» вилласына дейін жалғасып, кейін қатысушылар БҰҰ ғимаратына қайта оралады.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан ядролық қарудың зардаптарын өз басынан өткерген ел ретінде бүгінде жаһандық қарусыздану ісінде маңызды рөл атқарып отыр.

– Қазақстан ядролық қаруды қолданудың салдарын және оны кез келген жағдайда пайдаланудың мағынасыз әрі адамгершілікке жат екенін жақсы түсіне отырып, ядролық қаруды жою жөніндегі бастамалардың көшбасшысына айналды. Бұған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, сондай-ақ БҰҰ аясында ядролық қаруды толық жоюға бағытталған келіссөздерге жетекшілік ету кіреді, – деді ол.

Алин Уэр Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіндегі ядролық қарудан азат аймақпен салыстырып, мұндай бастамалардың жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады.