Қазақстан Ыстамбұлдағы туризм көрмесіне қатысады
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандық делегация Ыстамбұлда өтетін «Emitt 2014» туризм және саяхат көрмесіне қатысады, деп хабарлайды ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметінен.
Түркиядағы туризм көрмесіне еліміздің жеті аймағы қатыспақ. Атап айтқанда, Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының өкілдері барып, туризм саласындағы тауарлар мен қызметтерін ортаға салып, соңғы жетістіктерімен бөлісетін болады.
«Бұған қоса, қазақстандық топ Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жоспарымен бөлісіп, қазақтың ұлттық мәдениетін насихаттайды. Сондай-ақ көрме қонақтарына төл тағамдардан дәм татқызып, киіз өнімдерін дайындау туралы шеберлік сыныбын өткізеді» деп жоспарланып отыр делінген хабарламада.
«Emitt 2014» көрмесінде қазақстандық экспозиция TUYAP көрме сарайының орталық залына орнатылады. Төрт күнге жалғасатын шара 2 ақпан күні аяқталады.
Жалпы, 2013 жылы өткен аталмыш көрмеге 67 мемлекеттен 4 мыңға жуық адам қатысқан болатын. Сондай-ақ туризм саласының 58 мыңнан астам өкілі мен 72 мың қонақ көрермен ретінде тамашалады.