Қазақстан заңдарын Еуроодақ стандарттарына жақындатуға дайындалып жатырмыз - Бектас Мұхамеджанов

АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан мен Словакия сарапшылары Қазақстан заңдарын Еуроодақ стандарттарына жақындату үшін жарты жылдан бері бірлескен жоба әзірлеуге дайындалып жатыр.

Қазақстан заңдарын Еуроодақ стандарттарына жақындатуға  дайындалып жатырмыз - Бектас Мұхамеджанов

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "Қазақстанның еуропалық перспективасы: серіктестіктің жаңа кезеңдері" деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырды. Бұл шара еуропалық әріптестермен "Әлеуметтік стандарттарды бейімдеу: Еуропаның Қазақстан үшін тәжірибесі" жобасы аясында өтіп жатыр.

"Қазақстан денсаулық сақтау, білім беру салаларында реформалар жүргізіп жатыр. Онда Еуропада іске асқан әлеуметтік стандарттарды енгізу мүмкіндігі бар. Бүгінгі конференцияда бұрынғы социалистік елдердің өздерінің ұлттық заңдарын тез арада Еуропа заңдарына қалай сәйкестендіргені және ондағы Словакия тәжірибесі қаралып жатыр. Қазір олар өздерінің әлеуметтік стандарттарын жоғары деңгейге жеткізді. Сондықтан да конференция соңында словакиялық әріптестерімізбен бірлесіп, жақын арада үкіметке Қазақстанның қай заңдарын өзгертіп Еуропа стандарттарына жақындатудың жобасын жасап, оның кестесін әзрлеу мүмкіндігін талқылаймыз", дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының Атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов. Оның айтуынша, олардың бұл жобаға әзірлікті бастағанына жарты жылдан асты. Сондықтан қазір бірқатар мәселелерде келісімге келіп отыр. Енді алдағы 1-2 күнде бұл келісімдерді қағазға түсіріп, қаржы мәселелерін шешкен соң алдағы күзден келесі жылдың көктеміне дейін үкіметке ұсынатын нақты ұсыныстарын әзірлеуге мүмкіндіктері бар.