Қазақстан заңдарында мигранттарды алалайтын бірде-бір бап жоқ - Шолу конференциясы

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/- «Қазақстан заңдарында мигранттарды алалайтын немесе олардың құқықтарын шектейтін бірде-бір бап жоқ», деп мәлімдеді бүгін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілі Астанда өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясында.

Қазақстан заңдарында мигранттарды алалайтын бірде-бір бап жоқ - Шолу конференциясы

Оның сөзіне қарағанда, мигранттарда жұмыс беру, жұмыс барысында азаматтардың денсаулықтарына зиян келген жағдайда осы зиянды өтеу, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының қызметін пайдалану сияқты Қазақстан азаматтарына берілгендей құқықтардың бәрі бар. Олардың барлығы заңмен бекітілген. «Сонымен қатар Қазақстанда мигранттардың үрей мен қорқынышта өмір сүріп отырмағандығын ерекше атап өту керек. Бұған қоса елде шеттен келген азаматтарды жек көрушіліктен туындайтын жайсыз жағдайлар болған емес. Ал Парламентте осы уақытта еліміздің көші-қон саясатына заман талабына сай жаңаша өзгерістер енгізуді көздейтін заң талқылануда. Аталмыш құжат көші-қон үдерістерін бүгінгіден де ізгі етуге бағытталған», деді орталық төкілі.

Сондай-ақ ол сөзінде ЕҚЫҰ-на мүше елдерде мигранттарды кемсіту, оларға деген қаталдық сияқты мәселелерді шешуге барынша күш салу қажеттігін атап көрсетті. «Бұл бағыттағы жұмыстарға өзге де халықаралық ұйымдар атсалысса деген үміттеміз», деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі.