Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы Президент сұхбатына орай пікір білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан заңгерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хабар» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президенттің күні кеше берген сұхбаты өте маңызды болды. Себебі оны халық тағатсыздана күтті. Мұның алдында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде де біраз жайтты айтқан еді. Бірақ, бұл жолы қаңтардағы қайғылы оқиғаларға кезең-кезеңмен тоқтап, неден болғанын, сыртқы күштердің ықпалын, біздің күштік құрылымдарымыздың дайын болмағанындығын тарқатып берді. Әрине, мемлекетіміз үшін бұл бұрын-соңды болмаған, күтпеген жайт болды. Ең алдымен полиция, Ұлттық қауіпсіз комитетіміз, әскерлеріміз дайындықсыз екендігін көрсетті. Маңғыстау өңірінен басталған оқиғаға жер-жерден қолдау көрсеткендер болды. Бірақ, мұның бәрі жай емес екен. Президенттің айтуынша, бұл алдын ала дайындалып, бір жерден бұйрықпен іске асырылған қастандық. Ал біздің күштік құрылымдарымыз бір орталықтан басқару арқылы жұмыс істей алмады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы сатқын болып шықты. Полицияда жөнді қару болмады. Олардың барлығын бір орталықтан басқаратын штаб та жоқ», - деді Серік Ақылбай.
Оның атап өтуінше, шеруге шыққандар «Бейбіт жиналыстар» туралы заңның баптарын бұзған.
«Олар көшеге ескертусіз шықты. Алдын ала 10 күн бұрын ескертіп, арнайы әзірленген орындарға шықса, өзгелерге кедергі жасалмаса, қоғамдық тәртіпті полиция басқарып тұрса, онда мұндай боларма еді? Халық көшеге шықсам, ол бейбіт шеру саналады деп ойлайды. Ол нағыз бейбіт шеру емес, заңды бұзу саналады. Ал қаңтардағы оқиғалар кезінде бейбіт шеруге шықандар арасында бұзақылар, одан кейін қару бандиттер пайда болды. Тонаушылар шықты. Әскери қызметшілерді, полиция қызметкерлерін ұрып-соқты, өлтірді. Тіпті екеуінің басын кесіп алды. Кешеде бей-берекет оқ атты. Ал бұл қандай беру шеру? Кімге айтса да адам сенгісіз жағдай ғой», - деді заңгер.
Бірлестік төрағасы Алматыдағы тәртіпсіздіктерге 20 мың содырдың қатысқаны туралы ақпаратқа шетелдіктердің сенбейтіндігіне де тоқталды.
«20 мың болды. Алматыға үш жақтан кірген. Полицияның, әкімшіліктердің ғимараттарын бұзып, қиратып өртеп жіберген. Олар полициядан бірнеше есе артық болған. Мұның өзі олардың 20 мың болғанын дәлелдейді», - деді ол.
Серік Ақылбай қоғамда құқықтық сауатсыздықтың, құқықтық нигилизмнің қатты дамып кеткендігіне назар аудартады.
«Яғни, әрбір ауылдық жерге барып, құқықтық дәрістер оқу керек. Сонда халықтың санасы оянады, сауаттылығы күшейеді. Тек өзінің құқығын емес Конституциялық міндетін, заңдық міндетін білуі тиіс. Заң сақталған жерде өмірі мұндай келеңсіздіктерге бармайды. Заң орындалған жерде мынадай байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық болмайды. Оны да Президент жөндеуге тырысып жатыр», деді ол.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстан Президентінің сұхбатын орыс тіліне беруіне қатысты пікір білдірді.
«Интернетте «Мемлекет басшысы неге орысша сұхбат береді?», «Қазақша неге бермейді?» деп жазып та жатыр. Бұл сұхбат тек қазақстандықтарға ғана емес, сырттан қарап отырған ЕҚЫҰ депутаттары, Ресей мен басқа да мемлекет азаматтары түсінсін деген оймен әдейі жасалған. Бұл – саясат. Әйтпесе, Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақша сөйлеуге шамасы жетеді. Меніңше, таяу арада осындай тағы да бір үлкен сұхбат болатын сияқты», - деді Серік Ақылбай.