Қазақстан заңнамасына «заңсыз баю» туралы ұғымды енгізу керек - С. Ақылбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің ұлттық заңнамасына «заңсыз баю» туралы ұғымды енгізу керек. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Серік Ақылбай осы мәселені көтерді.

Қазақстан заңнамасына «заңсыз баю» туралы ұғымды енгізу керек - С. Ақылбай

Жиын барысында депутат С. Ақылбай Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға тоқтала келе, ондағы 42-қадамда «табыстар мен мүлікті жалпы декларациялау» мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, 2017 жылы жалпы декларациялау мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне, жалпы алғанда 1,7 млн адамға қатысты болады. Ал 2020 жылға қарай барлық жеке тұлғаларға декларациясы міндетті болады.
«Осыған орай, декларацияға қатысты заңнамадағы жауаптылық толық көрсетілмеген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тек жалған мәліметтерге ғана көзделген. Жазаға тартылу мүмкіндігін кеңейту үшін ұлттық заңнамамызда «заңсыз баю» деген ұғымды енгізу қажет деп есептеймін. Бұл ретте заңсыз баю негізінен заңды талаптардан асып түсетін мүлік құнының айтарлықтай ұлғаюы ретінде анықталады. Осыған байланысты лауазымды тұлға айырмашылықты құрайтын қаражаттың шығу көзін растай алмаса, онда оны жауапқа тарту керек. Яғни, сыбайлас жемқорлық құбылысы бұдан білінеді деген сөз», - дейді С. Ақылбай.
Оның айтуынша, заңсыз баюды дәлелдеу - басқа сыбайлас жемқорлық қылмыстарды дәлелдеуге қарағанда анағұрлым жеңіл. Бұл ретте құқық қорғау органдары баю ауқымы тұлғаның заңды табысынан асып түсетін қаражатты дәлелдеуге міндетті болады.
«Халықаралық тәжірибеге жүгінетін болсақ, бұл норма Аргентинада 1966 жылдан, Гонгконгта 1974 жылдан, Үндістанда 1988 жылдан, Қытайда 1999 жылдан, ал Литвада 2013 жылдан бастап енгізілген. Бұл норма сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру деңгейін арттырып, қоғамның құқықтық санасын нығайтады», - деді сенатор Серік Ақылбай.