Қазақстан заңсыз жүрген қырғыз азаматтарын еліне қайтару шартын жеңілдетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің жалпы отырысы өтті. 

Онда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы реадмиция туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы реадмиция туралы келісімді іске асыру  тәртібі туралы атқару хаттамасы 2016 жылдың 17 қазанында Астанада жасалған. Бұл құжат  екі мемлекеттің  аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған  адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді.

«Келісім еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның немесе рұқсаттың мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдарды анықтауды көздейді. Бұл келісім алдағы уақытта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты барынша өзекті бола түседі. Оның аясында көптеген шетелдік қонақтар келеді деп күтілуде. Келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен халықаралық талаптарға сай күресуге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, келісімді ратификациялау елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, сонымен қатар олардың транзитін жеңілдетуге оң әсерін береді. Бұл заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға  әкеп соқтырмайды және қосымша қаражатты талап етпейді.  

Сенаторлар заң жобасын бірауыздан мақұлдап, Сенаттың жалпы отырысына шығаруға келісті.

Соңғы жаңалықтар
telegram