Қазақстан жалпы қуаты 26 ГВт болатын жаңа энергия өндіру нысандарын салады
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Орталық Азия елдері және Әзербайжан энергетика министрлерінің кездесуінде елдің энергетикасы жүйесі қандай реформаларды бастан өткеріп жатқанын айтты.
«Өңірдің транзиттік әлеуеті толық ашылмағанын ескерсек, энергетикалық ресурстар саудасындағы ықпалдастықты нығайту жұмыстарын белсенді жүргізу маңызды деп есептеймін. Энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын сақтау қажет екенін ескерсек, өңірдегі халық саны мен электр қуатын тұтынушылардың саны ұдайы өсіп келе жатқанын ескерсек, жаңа энергетикалық қуат көздерін енгізу керек», - деді министр.
Алмасадам Сәтқалиев елдің энергетика жүйесі кезекті жаңғыртудан өтіп жатқанын атап өтті.
«Қазақстан өз кезегінде қолданыстағы қуат көздерін жаңғыртып, жалпы қуаты 26 гигаватт болатын жаңа көздерді салуды жоспарлап отыр. Заңнама аясында саланы дамыту жоспарларын жетілдіріп, өндірістерді энергия үнемдеуші режимге көшіру арқылы, тариф саясатын қайта қарап жаңартылатын энергия көздерін ашу арқылы реформалау жоспарланған», - деді ведомство басшысы.