Қазақстан Жаңа Зеландиямен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Жаңа Зеландиямен агроөнеркәсіп саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бүгін Ақордада Жаңа Зеландия Елшісі Ян Хиллден сенім грамотасын қабылдаған еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Жаңа Зеландиямен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті

Жаңа Зеландия елшісімен кездесу барысында Мемлекеттік хатшы еліміз үшін агрөнеркәсіп, атап айтқанда инновациялық технологиялар трансферті саласындағы ынтымақтастық пен Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру ерекше қызығушылық тудыратындығын атап өтті.

Мемлекеттік хатшымен жүздесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Жаңа Зеландия елшісі Қазақстанның 2017-2018 жылдары аралығында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтады.

«Ағымдағы жылы Жаңа Зеландия өзінің қауіпсіздік кеңестегі тұрақты емес мүше қызметін аяқтайды. Өзімнің Елші қызметімде елдеріміздің арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға күш саламын. Жаңа Зеландия өзінің мал шаруашылығындағы мол тәжірибесімен бөлісуге дайын. Өйткені, менің елімде сүт және ет өнімдерін өңдеу жақсы дамыған. Сонымен қатар біз білім саласындағы ынтымақтастықты өрістетуге мүдделіміз. Бұл ретте қазақстандық студенттер Жаңа Зеландияның үздік жоғары оқу орындарына таңдау жасайтындығына үміт артамыз. Сөз соңында барша Қазақстан халқын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын», - деді Елші.

null