«Қазақстан-жаңа Жібек жолы» жобаcы 2050 жылға қарай елден жүк тасымалдау көлемін ондаған есеге арттырады - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан-жаңа Жібек жолы» жобаcы 2050 жылға қарай ел аумағынан жүк тасымалдау көлемін ондаған есеге арттыратын болады.
Бүгін Астанадағы «Қазақстан» киноконцерт залында өтіп жатқан Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Қазақстан Орта Азиядағы өркениетті нарықтардң бірі болуымен қатар бұл өңірдегі негізгі локомотивтердің біріне айналатындығын баса айтқан ҚР Президенті: «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізін салу «Қазақстан-жаңа Жібек жолы» сынды үлкен жобаның бір бөлігі болып саналады. Ол 2050 жылға қарай ел аумағынан жүк тасымалдау көлемін ондаған есеге арттыратын болады. Бұл мега жоба кез келген жүкті көліктің кез келген түрімен Қазақстан аумағы арқылы белгіленген жерге апаруға мүмкіндік беретін арна қалыптастыратын заманауи көліктік логистикалық желіні құруды көздейді», - деді.
ҚР Президентінің атап өтуінше, Қытайдан Каспий теңізіне дейінгі аралықты қамтитын ұзақтығы 1500 шақырымдық жаңа темір жол желісі құрылысы келесі жылы толығымен айяқталатын болады. Бұл дәліз Түркіменстан арқылы Иран, Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік береді. Ал бұл бір кездері болған Жібек жолын қайта жаңғырту болып табылады.
«Көне Жібек жолын қайта жаңғырту оның бойында орналасқан барлық елдер үшін экономикалық-әлеуметтік дамуға жәрдемдесіп, саяси тұрақтылық орнатады. Соңғы нәтижеде прогреске, гүлденуге, бейбітшілікке қол жеткізіледі», - деді Н.Назарбаев.