Қазақстан жанар-жағармайдың «еуро-4» стандартына 2016 жылы көшеді

АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан жанар-жағармайдың «еуро-4» стандартына 2016 жылы көшеді. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Мұнайгазөңдеу және мұнай химиясы саласындағы жаңа техникалар мен технологиялар» деп аталатын 4-ші халықаралық конференцияда айтылды,

Қазақстан жанар-жағармайдың «еуро-4» стандартына 2016 жылы көшеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі таңда біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз тек «еуро-2» стандартына сәйкес келетін өнімдер шығара алатын жағдайда. Ал Еуропа елдері биылдан бастап «еуро-5» стандартына көшті. Мұнай өнімдерінің жалпы 20-25 көрсеткіші бар. Бензин мен дизель отынын «еуро-4» стандартына жеткізу үшін оның құрамын 10 рет азайту керек. Ал «еуро-4»-тен «еуро-5»-ке ауысу үшін оны тағы 5 рет кеміту қажет. Яғни біздің өнімдеріміздің құрамын «еуро-5» стандартына жеткізу үшін қазіргі деңгейден 50 рет азайтуымыз керек болады», дейді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарушы директоры Ғалымжан Амантурлин. Оның айтуынша, «еуро-5» стандартына көшу өте күрделі де қиын шаруа. Бұл елдегі мұнай өнімдерінің бағасына да өз әсерін тигізеді. Қазақстан экономикасының қазіргі деңгейі Еуропа елдерінен төмен. Мұнай өнімдерін тұтынудың деңгейі де ел тұрғындары мен өндірістік кәсіпорындарда Еуропа елдерімен салыстырғанда біршама төмен. «Экономикалық және экологиялық тұрғыдан келгенде жанар-жағармайды «еуро-5» стандартына көшіруді талап етуге қазір ешқандай қажеттілік жоқ. Қазір үкіметте аталмыш өнімдерді өндірудің техникалық регламенттері талқыланып жатыр. Қазақстан «еуро-4» стандартына 2016 жылы көшпек», дейді Ғалымжан Амантурлин.