12:05, 18 Наурыз 2014 | GMT +5
Қазақстан жанармай бағасын ұстап тұруды одан әрі жалғастыра береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан теңге бағамын түзеткеннен кейін қойылған жанар-жағар май бағасын ұстап тұруды жалғастырады. Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.
«ЖЖМ бағасын ұстап тұру мерзімі ұзартылады. Баға қазіргі деңгейінде сақталады», - деді министр.
Бұдан бұрын министрлік еліміздегі мұнай қоймаларында жанармайдың жеткілікті қорының сақталуына байланысты, теңге бағамын түзеткеннен кейін бензин мен ЖЖМ бағасы көтерілмейтінін мәлімдеген болатын.
Қарабалиннің мәліметінше, бағаның сақталуы отандық мұнай өңдеу зауыттарының есебінен іске асырылады. Өйткені олар тек Қазақстан нарығы үшін жұмыс істейтін болады және ел аумағынан мұнай өнімдерінің кез келген түрін шығаруға тыйым салынған.